Шымкентте кәсіпкерді қорқытып, 10 млн теңге талап еткен екі күдікті ұсталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте кәсіпкерге қоқан-лоқы жасап, ақша талап еткен екі ер адам қолға түсті.
Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, оқиға қаладағы базарлардың бірінде болған. Ет өнімдерін тасымалдау кезінде тауар бүлініп, салдарынан тараптар арасында шығынды өтеуге қатысты дау туындаған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер кәсіпкерге тиесілі жүк көлігінің кілтін иемденіп, одан 10 млн теңге талап еткен. Ақша берілмеген жағдайда жүк көлігін иесімен бірге өртеп жіберетіндерін айтып, қорқытқан.
— Полиция департаментінің қызметкерлері ҰҚКД-мен бірлесіп жүргізген жедел іс-шара барысында күдіктілерді талап етілген соманың 5 млн теңгесін алып жатқан жерінен ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өз бетінше билік ету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Шымкентте 10 млн теңге бопсалаған екі азамат 5 жылға сотталғанын хабарлаған едік.