Шымкентте кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқан 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды
Шымкентте кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқан 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
«Бизнеске жол» жобасы аясында қаланың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысымен негізсіз есептелген салықтар кәсіпкерлерге қайтарылды.
Сондай-ақ, 1000-нан астам кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. Ал, кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқаны үшін 8 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.
«2022 жылғы 1 қаңтардан бастап IV санаттағы объектілердің операторларынан қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем алынып тасталған болатын. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Содан, 2 кәсіпкер бюджетке артық 109 мың теңге төлеген. Біздің ұсыныстарымыздан кейін салық төлеушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қаржыны қайтару жұмыстары жүзеге асырылды» - деді Жандос Жұмабаев.