Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті туралы жалған ақпарат таратқан әйелдің ісі сотқа жолданды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан әйел анықталды. Оған қатысты материалдар сотқа жолданды.

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті туралы жалған ақпарат таратқан әйелдің ісі сотқа жолданды
Видеодан алынған кадр

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әйел концерт кезінде болған оқиға туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялап, тұрғындар арасында негізсіз алаңдаушылық туғызған.

— Полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде әйелдің жеке басы анықталып, тиісті материалдар жинақталды. Құжаттар заңда белгіленген тәртіппен қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, — делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертіп, жарияланымдардың шынайылығын тексеруге үндеді.

Бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде 8 адамның медициналық көмекке жүгінгені және осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ концертті ұйымдастырушының ұсталғанын хабарлағанбыз.