Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы бес жылға дейін сотталуы мүмкін

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде зардап шеккендерге байланысты тергеу жалғасып жатыр. Концерт ұйымдастырушысы қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Сот оған қатысты бұлтартпау шарасын әзірге қараған жоқ. Ауруханаға түскен 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр. 

қайрат нұртас
Фото: Maqsut Narikbayev University

Сотқа дейінгі тергеуді Шымкент қаласы полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бап бойынша қауіпсіздік талаптарын бұза отырып қызмет көрсеткені үшін 5 мың АЕК-ке дейін (2026 жылы 21,6 млн теңге) айыппұл салу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Kazinform тілшісі істің мән-жайын нақтылау үшін полиция департаментіне, сотқа және прокуратураға сауал жолдады. Полиция күдіктінің уақытша ұстау изоляторында отырғанын растады.

Сот тергеу кезеңіндегі шектеулерге байланысты істің мән-жайын жария етпеді.

— ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс сотқа дейінгі тергеу сатысында болғандықтан, мәлімет бере алмаймыз. Қосымша ақпарат алу үшін тергеу органдарына немесе прокуратураға жүгінуді сұраймыз, — деп хабарлады сот.

Прокуратура сот шешімі шыққанға дейін қолданылатын тәртіпті түсіндірді.

— Адам 48 сағатқа дейін ұсталуы мүмкін. Осы мерзім аяқталғанға дейін тергеу судьясы күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру немесе одан бас тартып, өзге бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін қарайды. Қазіргі уақытта материал судьяның қарауына әлі түскен жоқ, — деп түсіндірді прокуратура.

Еске салайық, 10 қазан күні кешке Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті басталар алдында стадионға кіреберісте адамдар көп жиналып, салдарынан көрермендер зардап шекті. Медициналық көмекке сегіз адам жүгінді. Дәрігерлер тексергеннен кейін олардың жетеуі үйіне жіберілді. Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды. 12 қазандағы мәлімет бойынша оның жағдайы ауыр. 

Полицияның алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны алаңның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірген. Концерт ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Концерттен кейін әлеуметтік желілерде қаза тапқандар мен көп адамның зардап шеккені туралы ақпарат тарады. Ресми органдар бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Қаза тапқан үш адам мен жарақаттанған ондаған адам туралы жалған ақпарат жариялаған әйел жауапкершілікке тартылды. 

Оқиғадан кейін Freedom Афиша компаниясы да өз ұстанымын білдірді. Компанияның мәліметінше, концерттің тікелей ұйымдастырушысы Show Service болған. Билет сату сервисі билеттерді мәлімделген квота шегінде сатып, сондай-ақ көрермендердің билеттерін тексеріп, білезіктерін таратуға жауапты еріктілердің жұмысын қамтамасыз еткен.

Freedom Афишаның мәлімдеуінше, алаңды дайындау, көрермендердің стадионға кіруін ұйымдастыру және күзет қызметін тарту билет сервисінің жауапкершілік аясына кірмеген.