Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Концерт ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы ұсталды
Фото: instagram.com/kair_n/

Алдын ала мәліметке қарағанда, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер шамадан тыс жиналып, адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнген.

Шымкент полиция департаментінің мәліметінше, адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде адам өлімі туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, оқиға кезінде қаза тапқандар жоқ.

— Концертті ұйымдастырушы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында, — делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға үндеп, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде 8 адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған едік.