Шымкентте киберпол интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен арнаны жойды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтарды қазақстандық SIM-карталармен қамтамасыз етіп келген арнаның жолын кесті.

Шымкентте киберпол интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен арнаны жойды
Фото: видеодан алынған скрин

Жүргізілген мұқият талдау және жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарды қазақстандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлерімен қамтамасыз еткен тұлғалар анықталды.

Бұл нөмірлер азаматтарға, оның ішінде шетелде жасалатын алаяқтық қоңырауларға пайдаланылған. Бірінші SIM-карталарды жаппай тіркеп, үшінші тұлғаларға WhatsApp мессенджеріндегі растау кодтарын беріп отырған ер адам ұсталды.

Осылайша алаяқтар қазақстандық нөмірлерге тіркелген аккаунттарды өз бақылауына алып, қылмыстық схемаларда қолданған. Жедел іс-шаралар барысында киберполиция қызметкерлері екінші қатысушыны анықтады.

Ол –телефондарға арналған аксессуарлар дүкенінің сатушысы. Клиенттердің жеке деректерін пайдаланып, олардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, өткізіп отырған. Аталған арна арқылы 3 мыңнан астам абоненттік нөмір пайдалануға қосылып, интернет-алаяқтық әрекеттерде қолданылғаны белгілі болды.

Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Айта кетелік Түркістан облысында заңсыз снюс өндіретін үш жасырын цех жойылды