Шымкентте көлік жүк салғышында отырып көше аралаған жастар жауапқа тартылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Жол ережесін бұзушылар ерсі әрекеттерін видеоға түсіріп, желіге жүктеген.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан екі жігіттің жүк салғышта еркін отырғанын көруге болады. Тіпті, бар дауыспен күліп, айқайлап, әндеткен сәттерін смартфонға түсіріп отырған. Жолдағы өзге жүргізушілер ерсі әрекетті таспаға түсіріп, интернетке жүктеген.
Шымкенттік полиция қызметкерлері бұл құқық бұзушылықты әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтады.
«Тәртіп сақшылары «бремендік музыканттарды» тез арада анықтады. 19 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша айыппұл салынды, ал жолаушыларға қатысты осы кодекстің 615-бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Тәртіп сақшылары жол үстіндегі мұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін екенін ескертеді және қозғалыс ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін еске салады» - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.