Шымкентте контрафактілік құрылыс қоспаларын шығаратын астыртын цехтың жұмысы тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкентте ірі көлемде контрафактілік құрылыс қоспаларын шығаратын астыртын цехтың қызметі тоқтатылды. Тексеру барысында тауар белгілері заңсыз басылған 860-тан астам қап контрафактілік өнім тәркіленді, деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігінің баспасө қызметі.
Шымкент қаласының Әділет департаменті Полиция департаменті және Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, заңсыз өнім шығаратын астыртын цехтың қызметін тоқтатты.
Заңсыз өндірісте «Alina Group» компаниясына тиесілі «Alinex Glad» брендімен құрғақ құрылыс қоспалары, сондай-ақ «Қайсар» және «Крепость» кафель желімдері дайындалған.
Бүгінгі таңда жиналған материалдар кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы («Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану») бойынша жауапқа тарту үшін сотқа жіберілді.
Өңірде контрафактілік өнімнің заңсыз айналымына қарсы бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Осыған дейін Шымкентте заңсыз сатылған 615 құты контрафактілік мотор майы тәркіленгені туралы жаздық.