Шымкентте көші-қон қызметінің бұрынғы бастығына сот үкімі шықты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы болған Жеңіс Әуелбековке қатысты үкім шығарды.
Сот Әуелбековті бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
— Сот үкімімен Жеңіс Әуелбековке 23 млн 531 мың 200 теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды. Бұдан бөлек өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқаруға тыйым салынды, — делінген сот шешімінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Шымкентте көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Жеңіс Әуелбековтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Kazinform агенттігі ҰҚК-ге ресми сауал жолдап, аталған ақпаратты растауды немесе теріске шығаруды, тергеу барысының мән-жайы және Қытай азаматтарына құжаттарды рәсімдеуге көмектескені үшін 100 мың теңге көлемінде пара алды деген болжамға қатысты ақпарат беруді сұраған.
Сол кезде ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, істің егжей-тегжейін жариялаудан бас тартып, тек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жүргізіліп жатқанын растаған.
Бұған дейін Шымкентте департамент басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны туралы хабарлаған едік.