Шымкентте құны 1 млрд теңгеден асатын әскери мақсаттағы жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы құны 1 миллиард теңгеден асатын жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды.

жер телімі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қадағалау шаралары барысында Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің біріне тиесілі жалпы аумағы 87 гектардан асатын жердің 1999 жылы заңсыз түрде жеке меншік құрылымдардың пайдасына берілгені анықталған.

Прокуратура мәліметінше, кейін бұл жер учаскесі бірнеше рет қайта сатылған.

«Әскери прокурорлар әскери мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Тексеру барысында қорғаныс мақсатындағы жер учаскесінің заңсыз иеліктен шығарылғаны анықталды. Осыған байланысты гарнизон прокуратурасы әскери бөліммен бірлесіп, сот тәртібімен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде стратегиялық маңызы бар жер мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп хабарлады Бас әскери прокуратура.

Сот шешімімен сатып алу-сату мәмілелері жарамсыз деп танылып, құны 1 миллиард теңгеден асатын жер учаскесі әскери ведомствоның балансына берілді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, әскери мүліктің сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз иеліктен шығарылған активтерді қайтару бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда құны 870 млн теңгелік 50 гектар жер мемлекет меншігіне өткені хабарланды.