Шымкентте мектеп терезесін жуған мұғалім абайсызда құлап, ауруханаға түсті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте Мағжан Жұмабаев атындағы № 39 мектептің биология пәні мұғалімі кабинетте терезе жуып жүріп, орындықтан құлап, жарақаттанды. Осыған байланысты мектеп директорына қатысты қызметтік тексеру басталып, директордың орынбасарына тәртіптік жаза қолданылды.

Шымкентте мектеп терезесін жуған мұғалім абайсызда құлап, ауруханаға түсті
Фото: Kazinform/ЖИ

Оқиға тамыз айының соңында, кабинеттерді жаңа оқу жылына дайындау кезінде болған. Педагог Нұргүл Жанғабылованың айтуынша, мектеп әкімшілігі мұғалімдерге 1 қыркүйекке дейін терезелерді өздері жуып, сыныптарды ретке келтіруді тапсырған.

Мұғалім терезені жуу үшін орындыққа шыққан. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып, еденге құлап кеткен. Оқиға мектепте орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Педагогтің айтуынша, құлағаннан кейін қатты ауырғандықтан, біраз уақыт орнынан тұра алмаған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізген.

@symbat.galymbekuly Шымкентте мектеп мұғалімі кабинеттің терезесін жуамын деп өлім аузынан қалды. Орындыққа шығып, іске кіріскелі жатқан биология пәнінің ұстазы оңбай құлаған. Жарақат алып, ауруханада емделіп шыққан педагог заңсыз тапсырма берген білім ошағының басшылығы жазалансын деп отыр. Себебі, директор мен орынбасары қит етсе ұстаздарды қара жұмысқа салатын көрінеді. #шымкент #мектеп #педагог #қаражұмыс ♬ оригинальный звук - symbat.galymbekuly

Нұргүл Жанғабылованың сөзінше, дәрігерлер оның миы шайқалғанын және құйымшақ тұсынан қатты жарақаттанғанын анықтаған. Ауруханада емделіп шыққаннан кейін ол мұғалімдердің бірнеше рет педагогтік қызметіне қатысы жоқ шаруашылық жұмыстарға тартылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ тапсырма берген басшыларды жауапкершілікке тартуды талап етті.

Шымкент қаласының білім басқармасы педагогтің өтініші негізінде мектеп директорына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

— ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының 6-бабы 2-тармағының 1 тармақшасына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогтерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Оларға аумақты тазалау, абаттандыру және лауазымдық әрі кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ басқа да қоғамдық жұмыстарды жүктеуге болмайды. Н. Жанғабылованың өтініші бойынша мектеп директорына қатысты еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар директордың орынбасары Т. Күзүмбаева қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Білім басқармасының мәліметінше, мектепке материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етуге және қажетті жұмыстарды жүргізуге бюджет қаражаты бөлінген. Аталған қаражат заңнама талаптарына сәйкес мақсатты түрде пайдаланылуы тиіс.

Емделіп шыққаннан кейін Нұргүл Жанғабылова мектептегі жұмысына қайта оралды.

Бұған дейін Алматыдағы мектептердің бірінде педагог кабинет тазалап жатқан видео жарияланғаннан кейін тексеру басталған болатын. Мұғалім өзіне және басқа педагогтерге кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстардың жүктелетінін айтқан.