Шымкентте мектептен өрт шығып, балалар үйлеріне қайтарылды

Шымкент
Фото: Шымкент қалалық ТЖД

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкентте жалпы орта мектеп ғимаратынан өрт шықты. Оқиға Еңбекші ауданы Базар қақпа тұрғын алабындағы мектепте болған.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, №104 жалпы орта мектебінің «А» корпусының шатыры мен ағаш тақтайшалар жанған. Қызыл жалын 280 шаршы метр аумақты шарпыған. Бұл ғимаратта тек бастауыш сыныпта оқитын балалар білім алады.

«Жанып жатқан мектеп ғимараты ішінен бірінші ауысымда оқитын 350 оқушы мен 25 мұғалім өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін сыртқа шығып үлгерген. Өрт сағат 10.46-да оқшауланып, сағат 11.15-те толығымен сөндірілді. Қызыл жалынды сөндіруге ТЖД жеке құрамнан 52 қызметкер, 8 техника жұмылдырылды»,-деді қалалық ТЖД.

Шымкент
Фото: Шымкент қалалық ТЖД

Өрт кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

Мектеп директоры Бауыржан Рауалиовтың айтуынша, ғимарат шатырындағы түтінді бірінші болып аула кезекшісі байқаған. Ол дереу дабыл батырмасын басып, мектеп ішіндегі оқушылар мен қызметкерлер 2-3 минут ішінде ғимараттан шығып үлгерген. Санаулы минуттарда оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткен.

«Біздің мектепте өрт болған жағдайға қатысты оқу-жаттығу жұмыстары тұрақты түрде өткізіп келеді. Сондықтан балалар арасында шошу немесе дүрбелеңге салыну байқалмады. Дереу ата-аналарына хабар берілді»,-деді білім ұясының басшысы.

Мектеп директоры өрт шыққан «А корпусында тек бастауыш сынып оқушылары білім алатынын, ал 5-11 сынып оқушылары оқитын негізгі корпусқа қауіп төнбегенін айтты. Дегенмен білім басқармасының шешімімен оқиғадан кейін екі ғимараттағы барлық оқушыың ата-анасына хабар беріліп, балалар үйлеріне жіберілген. Ал екінші ауысымда оқитын балалар қашықтан оқып жатыр.

Шымкент
Фото: Шымкент қалалық ТЖД

«Ертең негізгі ғимараттағы білім алатын 5-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. ТЖД мамандары ол ғимаратқа ешқандай қауіп төнбегенін айтты. Ал өрт шыққан «А» корпусындағы бастауыш сынып оқушыларына қатысты қалалық білім басқармасынан бұйрық күтіп отырмыз. Олар онлайн немесе оффлайн оқуы мүмкін. Ол туралы ата-аналарға міндетті түрде хабарлайтын боламыз»,-деді мектеп директоры Бауыржан Рауаилов.

Айта кетейік, №104 жалпы орта мектебінде 1547 бала білім алады. Оның 700-і бастауыш сыныпта оқиды.

Соңғы жаңалықтар