Шымкентте мемлекетаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Көші-қон қызметінің инспекторлары ІІМ-нің нұсқауы бойынша жүргізген «резеңке пәтерлерді» тексеру барысында іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы анықталды.

Полиция
Фото: Kazinform

Күдіктіге экономикалық қылмыстар жасағаны үшін үш бап бойынша іс қозғалған. Содан 2022 жылы Өзбекстан Республикасының полиция қызметкерлерінің тарапынан мемлекетаралық іздеу жарияланған.

«Қазақстан Республикасы аумағында тіркеусіз жүрген ер адам қамауға алынды. Қазіргі таңда оны көрші елге экстрадициялау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, көші-қон қызметінің инспекторлары 1 000-нан астам пәтер мен жеке үйлерді тексеріп, 10 000-нан астам жалған тұрғынды бөгде адамдардың үйінен тіркеуден шығарды. Рейд барысында ӘҚБтК-нің 493-бабы бойынша 173 тұрғынжай иесі меншігінде нақты тұрмайтын тұлғалардың тіркелуіне жол бергені үшін жауапқа тартылды.

Сонымен қатар тұрғылықты жерінде тіркеусіз тұрған 716 адам анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 492-бабы бойынша хаттамалар толтырылды.