Шымкентте неміс компаниясының атын жамылған контрафакт түсқағаз желімі тәркіленді

әділет министрлігі
Фото: Әділет министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері тауар таңбаларын заңсыз пайдалану бойынша 58 әкімшілік іс қозғалды және бюджетке 4 млн теңгеден астам қаражат өндірілді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтып берді.

2024 жылдың бірінші тоқсанында аумақтық әділет органдары авторлық құқық иелерінің шағымдарымен Қазақстанда қорғалатын тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуына қатысты жоспардан тыс 61 тексеру жүргізді. 

«Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 158-бабы бойынша 58 іс қозғалып, бюджетке жалпы сомасы 4 539 914 теңге өндірілді. Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 24 млн теңгені құрайтын 82 435 контрафактілік өнім тәркіленді. Атап айтқанда, Алматы қаласында – 20 тексеру жүргізіліп 20 құқықбұзушылық дерегі анықталды және Қарағанды облысында – 9 тексеріс жүргізіліп 8 құқықбұзушылық анықталды», - деді Т. Уәли министрлік ұйымдастырған брифингте. 

Биыл наурыз айында Шымкент қаласы әділет департаментінің қызметкерлері «Henkel» компаниясы өкілдерінің шағымымен көтерме тауар сатумен айналысатын ЖШС біріне жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында «METYLAN» түсқағаз желімі тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды.

«Тексеру нәтижесі бойынша 7 миллион теңгеден астам сомаға 14 276 бума контрафактілік өнім тәркіленді. Бүгінгі таңда кінәлі тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәркіленген өнімдер сот шешімі бойынша жойылады. Әділет министрлігі жалған өнімдерде көбінесе токсиндер, аллергендер, канцерогендер, ауыр металдар және т.б. зиянды немесе тыйым салынған заттар бар екенін еске салады. Көрсетілген сипаттамаларға, сапаға және қауіпсіздікке сәйкес келмейтін өнімді пайдалану улануға, аллергиялық реакцияларға және ағзаның дұрыс жұмыс істемеуіне әкелуі мүмкін», - деді Т. Уәли.

Соңғы жаңалықтар