Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген 11 мыңнан астам жұмыртқа жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекетінің жолы кесілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен тексеруі барысында «Жібек жолы» базарында заң бұзушылық анықталды.
Тексеру кезінде міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз сатылымға шығарылған жұмыртқалар тәркіленді. Заңсыз өнімнің жалпы көлемі 11 850 дананы құрады.
«Зертханалық сараптама нәтижелері өнімнің қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты жұмыртқалардың барлық партиясы арнайы құрылған комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды», – деп хабарлады Қазақстан құс өсірушілер одағы.
Заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, тексеру материалдары тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.
Қазақстан құс өсірушілер одағы жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесу бағытындағы жұмыстар мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғасып жатқанын мәлімдеді. Анықталған барлық заң бұзушылықтар Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.
«Қолданыстағы шектеу шараларына қарамастан, еліміздің бірқатар өңірлерінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату фактілері әлі де тіркелуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдар республика аумағындағы базарлар мен сауда нысандарында жүйелі тексерулер жүргізуді жалғастырып келеді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қостанай облысында 24 тонна спиртті заңсыз тасымалдаған адам ұсталды.