Шымкентте республикалық ақындар айтысы өтеді

Шымкент
Фото: Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте соңғы 4-5 жылдан кейін алғаш рет республикалық ақындар айтысы өтеді.

Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, ономастика және мұрағаттар басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, жергілікті ақындар мен айтысты сағынған халықтың сұранысынан кейін осындай шешім қабылданған.

«Өздеріңіз білетіндей, қалада ақындар айтысы өткізілмегелі 4-5 жылға жуық уақыт болды. Айтысты сағынған халықтың сұранысы бойынша және жергілікті ақындардың ұсынысына сәйкес биыл республика көлемінде ақындар айтысын өткізуді жоспарлап отырмыз»,-деді басқарма басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикердің сөзінше, мамыр айындағы мерекелерді кеңінен атап өту елдегі су тасқынына байланысты тоқтатылып, оған бөлінген қаржы қысқартылған. Ал басқа да мерекелерге арналған мәдени шаралар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен өтетін болады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында атаулы даталарға кеңінен көңіл бөлген болатын. Соның ішінде Жошы ұлысы іргесінің қаланғанына - 800 жыл, Кенен Әзірбаевтың туғанына - 140 жыл, жазушы Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына - 100 жыл, сонымен қатар халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, белгілі ақын, мәдениет саласының ардагері Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойын атап өту жоспарланып отыр»,-деді Бауыржан Орынтаев.

2024 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған басқарма басшысы театр сүйер қауымы үшін жағымды жаңалықта жария етті.

«Театр сүйер қауым үшін қуанышты жаңалықтарымыз да жоқ емес, соның ішінде биыл еліміздегі бірқатар белді театрр мен Өзбекстан Республикасының театрлары Шымкент қаласына гастрольдік сапармен келеді»,-деді ол.

Атап айтар болсақ, 5 мамырда Алматы қаласының JOL театры, 11-14 мамырда Ақмола облыстық орыс драма театры, 13-18 мамыр Өзбекстан Республикасының Ферғана, Андижон облыстық қуыршақ театрлары, 15-16 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық драма театры, 18 мамыр Өзбекстан Республикасының Сырдария облыстық музыкалық драма театры Шымкент көрермендеріне өз өнерлерін паш ететін болады.

Соңғы жаңалықтар