Шымкентте рецидивист 21 тұрғынды велосипедсіз қалдырды

Шымкент
Фото: police_shymkent\видеодан алынған кадр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM –  Шымкентте бұрын ұрлық үшін сотты болған жігіт 21 тұрғынды велосипедсіз қалдырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге жуық.

Қалалық Полиция департаментіндегілер жас жігіт бұл ұрлық қылмыстарын бірнеше айда жасаған деп отыр. 

Тергеу материалдарына сәйкес, рецидивист көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне кіріп, баспалдақ алаңына қойылған велосипедтерді ұрлаумен айналысқан. Ал дөңгелекті құлыптау құрылғыларын қысқышпен кесіп жүрген.

«Күдіктіні тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен анықтады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған қала тұрғыны болып шықты. Рецидивист қамауға алынды.
Әл-Фараби АПБ тергеушілері барлық айғақтарды жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады»,-деді полициядан.

Шымкенттіктің кінәсі сотта дәлелденсе, оған 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. 

Бұған дейін Алматы әуежайындағы жүкті уақытша сақтау қоймасының 29 жастағы жұмысшысы жалпы сомасы 7 млн теңгеден асатын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін 3,6 жылға сотталғаны туралы жаздық. 

Бұдан өзге Алматыда 24 жастағы жігіт қала мешіттерінде ұрлық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Полиция мәліметінше, оның 7 қылмысқа қатысы бар. 

 

Соңғы жаңалықтар