Шымкентте шашын жайған келіншек 11 адамды өлтірді - фейк

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Түнде жүретін ақ көйлекті келіншек туралы WhatsApp желісінде тарап жатқан ақпарат тұрғындардың үрейін ұшыруда.

Шымкентте шашын жайған келіншек 11 адамды өлтірді - фейк
Фото: Kazinform

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, наркологиялық диспансерден 11 жынды қашып кеткен. Солардың бірі Шұбарсу ауылында жүрген көрінеді. Шашын жайып алған ақ көйлекті келіншек үй-үйді аралап нан мен су сұрайды. Содан кейін адамдарды пышақтап кетіп жатқан жайы бар. Қазіргі таңда оның қолынан 11 адам қаза тапқан.

Шымкентте шашын жайған келіншек 11 адамды өлтірді - фейк
Фото: Kazinform

«Әсіресе, жер үйдің адамдары есіктеріңізді құлыптап жүріңіздер. Балаларыңызбен, қыздарыңызға абай болыңыздар. Мен түнде жұмыстан қайтқанда көрдім», - дейді желіде аудио хабарлама жариялаған тұрғын.

Аталған жағдай бойынша ресми пікір білдірген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Полиция департаменті жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.