Шымкентте шебер әжелер кимешек тігіп жарысты

шебер әжелер
Фото: Шымкент қалалық әжелер кеңесі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте шебер аналар форумы аясында «Кестелі кимешек» республикалық байқауы өтті. Мемлекеттік «Бақытты жанұя» орталығы жанындағы қалалық Әжелер кеңесі ұйымдастырған жоба биыл алғаш рет өткізіліп отыр.

Байқауға жергілікті шебер аналардан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған қалаларынан Түркістан облысынан тіпті Түркиядан шеберлер қатысты.

шебер әжелер
Фото: Шымкент қалалық әжелер кеңесі

«Кестелі кимешек» жобасының жетекшісі әрі қалалық Әжелер кеңесінің төрағасы Клара Әйтенова шебер аналар форумы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Адал адам – Адал еңбек - Адал табыс» атты ұлттық құрылтайдан кейін ата-бабадан мұра болып жеткен ұлттық бас киімді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Кимешек тігіп жарысқан шеберлердің бір бөлігі байқауға арнайы өздері келіп, өнерлерін паш етсе, енді бірі су тасқынына байланысты оффлайн форматта туындыларын ұсынды. Шеберлер өздерінің жасаған туындыларын, қолданылған мата түрлері мен оюларды таныстырды. Жалпы саны 50-ге жуық қатысушы бақ сынаған жарыста кимешектің үш түрі ұсынылды.

шебер
Фото: Шымкент қалалық әжелер кеңесі

«Біз стандарт бойынша кимешектің үш түрін түсіндірдік. Біріншісі – қызыл жақ. Қызыл түсті жіппен кестеленген кимешектің бұл түрі 20 жастан 40 жастағы келіншектерге арналып тігіледі. Екіншісі – сары жақ. Алтындай сары түстес жіптермен көмкеріліп, оюмен тігіледі. Ол 40-тан 60 жасқа дейінгі аналарға арналған. Үшіншісі – ақ күміс жақ. Өзі аты айтып тұрғандай ақ күміс түстес оюлармен көмкеріледі. Бұл 60-тан 80-100 жастағы әжелерге арналған»,-деді жоба жетекшісі, қалалық Әжелер кеңесінің төрайымы Клара Әйтенова.

Жоба жетекшісі қатысушыларға кимешекті тек әжелер киеді деген ұғым дұрыс емес, әр үйде кемінде бір кимешек болуы керектігін барынша түсіндірдік деп отыр.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушы шеберлерге арнайы дипломдар мен демеуші есебінен сыйлықтар табысталды.

Ұйымдастырушылар адағы уақытта кимешекті қазақтың ұлттық бас киімі деп ЮНЕСКО деңгейінде танытуды жоспарлап отыр.

шебер әжелер
Фото: Шымкент қалалық әжелер кеңесі

 

Соңғы жаңалықтар