Шымкентте шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқан 35 адамға айыппұл салынды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкентте Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 264 шетел азаматы жауапқа тартылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 35 адамға айыппұл салынды.

Миграция
Фото: Видеодан алынған кадр

Полицейлер құқық бұзушыларды «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған. 

Айта кетейік, қала аумағында заңсыз еңбек көші-қонын болдырмау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүріп жатыр. Көші-қон полициясының қызметкерлері шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын барлық құрылыс объектілерін, заңды тұлғалар мен кәсіпорындарды аралап тексеруде.

«Аталған жұмыстар барысында Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 264 шетел азаматы, оларды заңсыз тұрғын жаймен қамтамасыз еткен 117 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 35 жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынды»,-деді қалалық Полиция департаментіндегілер.

Рейдтік іс-шаралардан кейін шетелдік 54 азамат ел аумағынан шығарылды. Көрсетілген бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысы Курчатов қаласы аумағында заңсыз жүрген Тәжікстан Республикасының екі азаматы анықталғанын жазған болатынбыз. Сот шешімімен екеуі де мемлекет аумағынан шығарылды