Шымкентте сот шешімімен 148 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте биыл сот арқылы 43 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті.
Қалалық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ақылбек Мұхаддастың айтуынша, 2026 жылдың басынан бері 113 тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 4,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілген.
Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан 28 жер учаскесінің иелеріне заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Игерілмеген жерлерді бақылау аясында бюджетке он еселенген мөлшерде жер салығы ретінде 7,9 млн теңге түскен.
— Сот шешімдері негізінде биыл жалпы аумағы 148 гектар болатын 43 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Тағы 26 учаске бойынша іс қаралып жатыр, — деді спикер.
Айта кетейік, 2023-2026 жылдар аралығында мемлекет меншігіне жалпы аумағы 428,6 гектарды құрайтын 302 жер учаскесі қайтарылған.
Бұдан бұрын Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы құны 1 млрд теңгеден асатын жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарғаны туралы жазған едік.