Шымкентте тұмау жұқтырушылар көбейді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласында 16 қыркүйектен тұмауға қарсы егу жұмыстары басталды. Бұл туралы Шымкент қаласының СЭБД басшысы Әбдіманап Төлебаев мәлімдеді.
Шымкентте ЖРВИ аурушаңдығы 14,15%-ға төмендегенімен, тұмау жұқтырушылар саны 1,66 есеге жоғарылап отыр. Өткен эпидемиологиялық маусымда 139 тұрғын тұмаумен науқастанған. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі 46 бала бар.
«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аурушаңдықтың алдын алу мақсатында 150 000 доза «Гриппол+» вакцинасы (өндіруші Ресей) сатып алынды. Медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенттері, 2,3 триместрдегі жүкті әйелдер, эпидемиологиялық көрсетіліммен тұмауға қарсы тегін егіледі», - деді Әбдіманап Төлебаев.
Бір айта кетерлігі, тұмауға қарсы екпе егу үшін әрбір адамның жазбаша түрдегі ақпараттық келісімі қажет.
«ЖРВИ/тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – тұмауға қарсы егу. Аурудың белгілері – жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылауы, бастың қатты ауыруы, сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялық бөртпелердің пайда болу. ЖРВИ/тұмаудың асқынуы вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда ауру өліммен аяқталады», - деді Әбдіманап Төлебаев.