Шымкентте заңсыз әкелінген 11 мыңнан астам жұмыртқа жойылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекеті анықталып, өнім толықтай жойылды.

жұмыртқа
Фото: АШМ

Заң бұзушылық ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен бақылау шаралары барысында белгілі болды.

Мамандар «Жібек жолы» базарында міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз сатылымға шығарылған жұмыртқаларды анықтаған.

– Бақылау-қадағалау іс-шаралары барысында жалпы саны 11 850 дана жұмыртқа тәркіленді. Зертханалық сараптама нәтижесінде өнімнің қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты тәркіленген өнімнің барлық партиясы арнайы комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды.

Заң бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

Мамандардың айтуынша, қолданыстағы шектеулерге қарамастан еліміздің бірқатар өңірлерінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды өткізу фактілері әлі де кездеседі. Осыған байланысты республика аумағындағы базарлар мен сауда орындарында бақылау шаралары жалғасып жатыр.

– 2026 жылғы 17 сәуірден бастап Қазақстан аумағына тағамдық тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша тыйым салынды. Бұл шара көлеңкелі импорттың жолын кесуге, демпингтік сауданың алдын алуға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған, – деп атап өтті сала мамандары.

Қазақстан құс өсірушілер одағы жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бойынша мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Шымкентте 100-ден астам заңсыз құрылыс нысаны анықталды.