Шымкентте жаңа емхана, аурухана корпусы және 50 шақырымдық айналма жол салынады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте бірден үш ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаның құрылысы басталды.

в
Фото: Шымкент әкімдігі

Қалада ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхана мен №2 қалалық көпбейінді аурухананың 80 төсек-орынға арналған қосымша корпусының құрылыс алаңдарында капсула салу рәсімі өтті. Сонымен қатар ұзындығы 50 шақырым болатын айналма автомобиль жолының құрылысына старт берілді.

Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Олар қала халқының өсуіне байланысты әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына артқан қажеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

в
Фото: Шымкент әкімдігі

«Shymkent City» шағынауданында салынатын жаңа емхана бір ауысымда 500 адам қабылдап, 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда ересектер және балалар бөлімдері, әйелдер консультациясы, отбасылық денсаулық орталығы, клиникалық-диагностикалық зертхана, КТ және МРТ, эндоскопия және рентгенодиагностика кабинеттері орналасады.

Сондай-ақ 20 орындық күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы мен оңалту бөлімі қарастырылған. Балалар бөлімшелері жеке лифттері мен күту аймақтары бар бір қабатқа орналастырылады. Бес жасқа дейінгі балаларға күтім жасау және патронаж қызметі ұйымдастырылып, жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдердің денсаулығы бақылауға алынады.

в
Фото: Шымкент әкімдігі

№2 қалалық көпбейінді аурухананың қосымша корпусы 80 төсек-орынға есептелген. Аурухана жыл сайын шамамен 20 мың науқасты қабылдап, нейрохирургия, кардиология, инсульттік көмек, реанимация және перинаталдық медицина бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.

а
Фото: Шымкент әкімдігі

Жаңа ғимаратта нейрохирургия және кардиореанимация бағыттары дамытылып, инсульт, инфаркт және жедел коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға көмек көрсету мүмкіндігі кеңейеді. Жаңа корпус қолданыстағы стационарлық және перзентхана корпустарымен жабық галерея арқылы жалғасып, бірыңғай медициналық кластер құрылады.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкенттің жайлы өмір сүруіне және одан әрі дамуына қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Жаңа медициналық нысандар тұрғындарға медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтсе, айналма жол транзиттік көлікті қала аумағынан тыс бағыттап, жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Ұзындығы 50 шақырым болатын жаңа айналма жол төрт жолақты болады. Магистраль Алматы–Термез автомобиль жолы арқылы Алматы бағытынан Шымкентке кіреберісті Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады.

ы
Фото: Шымкент әкімдігі

Жоба халықаралық және республикалық транзиттік көліктерді қала аумағынан тыс бағыттауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде негізгі көшелердегі жүктемені азайтып, қала ішіндегі жүк көліктерінің қозғалысын қысқарту көзделіп отыр.

Жоба интеллектуалды көлік жүйелері мен қажетті инженерлік инфрақұрылымды қамтиды. Құрылыс кезінде 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін оны күтіп-ұстауға шамамен 100 маман тартылады.

Айта кетейік, бұған дейін 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын ірі автожол жобаларының қатарында Шымкент қаласының айналма жолын салу көзделгені хабарланған болатын.