Шымкентте жемқорлықтың жолын кесуге көмектескен 3 тұрғын марапатталды
Шымкентте жемқорлыққа қарсы 100-ден астам белсенділер жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
2020 жылы 9 адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен. Ал, 2021 жылы бұл бағытта 12 адам арнайы марапат алса, 2022 жылы 7 адамға сыйақы берілген. Ал, биылғы жылы 3 тұрғын арнайы марапатқа ие болды.
«Сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат департаментке жүгіне алады немесе CaII-орталықтың 1424 нөмірі бойынша қоңырау шала алады. Соңғы 4 жылда департаментпен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 31 тұлға көтермеленіп, марапатталды. Олардың сыйақы мөлшері 6,2 млн. теңгені құрады» - деді Жандос Жұмабаев.
Биылғы жылы белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту мақсатында агенттікпен «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда Шымкентте 100-ден аса жемқорлыққа қарсы белсенділер тіркелген.
«Еріктілер «Қазпошта» кассаларында жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік баж бойынша негізсіз төлем алу фактілерін анықтады. Салық кодексінің 615-бабына сәйкес жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік баж мөлшері 1,25 АЕК құрайды. Көрсетілген мемлекеттік бажды төлеу үшін «Қазпошта» кассаларында жеке тұлғалардан 200 теңге сомасында комиссия ұсталады. Алайда, іс жүзінде кассирлер көрсетілетін қызметті алушылардан «Kaspi» жеке шотына аудару жолымен 4850 теңге сомасын талап еткен» - деді Жандос Жұмабаев.
Сондай-ақ, спикер биылғы жылы жалпы 117 қылмыс тіркелгенін жеткізді. Алдыңғы қатарда құқық қорғау саласы тұр, мұнда 30 қылмыс орын алған. Ал, білім саласында 28, әлеуметтік бағытта 17, жер бағытында 4, спортта 7 қылмыс тіркелген.