Шымкентте жылан көбейді: тұрғындардан 150-ге жуық шақырту түсті
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте күннің ысуына байланысты жыландар тұрғын үйлер мен аулаларда жиі кездесе бастаған.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері қалада жылан шығуына байланысты 144 шақырту тіркелген. Шақыртулардың басым бөлігі жеке тұрғын үйлерден түскен.
Осы кезеңде 91 жылан ұсталып, қауіпсіз жерге жіберілді. Ал 53 жағдайда жылан табылмаған. Қазіргі уақытта жылан шағу фактілері жоқ. Ал улы жәндіктерге, оның ішінде шаяндарға қатысты шақыртулар тіркелмеген.
Департаменттің бөлім басшысы Ербол Оспановтың айтуынша, тұрғындар жыланның улы немесе улы емес түрін ажырата бермейді, сондықтан кез келген жағдайда сақтық танытқан жөн.
– Жыландар көбіне жер үйлердің аулаларында, жертөлелерде, табалдырық маңында және тұрғын үйдің ішінде кездеседі. Қалың шөптердің арасында да жиі жүреді. Көбіне полоз деген жыланның түрі көп. Май жылан да кездеседі. Бірақ оған сирек шығамыз. Жыландар көбіне тышқандары бар немесе құстар ұялайтын жерлерге жақын жүреді. Себебі олар солармен қоректенеді, – деді спикер.
Мамандар тұрғындарға жылан немесе басқа да қауіпті жәндіктерді байқаған жағдайда өз бетінше әрекет етпеуге кеңес береді. Мұндай кезде құтқарушыларға хабарласып, қашықтан бақылаған дұрыс.
Айта кетейік, жыланды аулау сәуір айынан басталып, қазан айына дейін жалғасады. Өткен жылы осы кезеңде қалада 200-ге жуық шақырту түсіп, 116 жылан ұсталған.
Бұған дейін БҚО-да тұрғын үйдің едені астынан жыландар шыққаны туралы жазған едік.