Шымкентте жоқ пәтерлерді жалға берушілер ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Күдіктілер жәбірленушілерге 1 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

заңсыз пәтерді жалға беру
Фото: polisia.kz

Шымкенттік тәртіп сақшылары алаяқтықпен айналысқан үш күдіктіні ұстады. Олар жалға берілетін тұрғын үйлерді жарнамалайтын қосымша арқылы қылмыстық әрекеттерін іске асырып келген. Яғни, жоқ пәтерлерді жарнамалап, жалған хабарландырулар жариялаған. Потенциалды клиенттер бұл ұсыныстарға қызығып, алаяқтармен байланысқа шыққанда, қаскөйлер алдын ала төлем жасауға көндірген. Салдарынан пәтерлерді брондау мақсатында ақша аударып, алдаудың құрбаны болған.

- Өткен жылдың тамыз айынан бастап жалпы 1 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Қазіргі таңда тергеу барасында олардың интернет-алаяқтықтың 20 жайтына қатысы бар екені анықталды. Ұсталғандардан 11 ұялы телефон, 15 сим-карта және ноутбук тәркіленді. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құқық қорғаушылар онлайн-платформаларды пайдалану кезінде сақ және мұқият болудың маңыздылығын еске салады, - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте тағы бір жасөспірім жоғалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар