Шымкентте жол ережесін бұзатындар көбейді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте екі күн ішінде 2,5 мыңнан астам жол ережесін бұзған жағдай анықталды.

Тәртіп сақшылары екі тәулік ішінде көлік жүргізушілері мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары жасаған 2584 құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде техникалық байқаудан өтпеу, көлікті заңсыз қайта жабдықтау, қауіпсіздік белбеулерін тақпау, көлікті басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, белгіленбеген жерден жолды кесіп өту жағдайлары көп тіркелген.
«Іс-шараның негізгі міндеті – жол-көлік оқиғалары мен жол жүру қағидаларын бұзудың алдын алу және болдырмау. «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы 29 ақпанға дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері мегаполис жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр» - делінген Шымкент қаласы Gолиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.