Сапасыз жол: Шымкентте 11 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынды

Шымкентте жолдың сапасыз салынуына жол берген 11 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынды. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық  филиалы Сынақ зертханасының меңгерушісі Ермек Намазов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform. 

Шымкентте жолдың сапасыз салынуына жол берген 11 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынды
Фото: z-taraz.kz

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы қайта құру, жөндеу және құрылыс объектілеріне 650 рет шығып, 1110 жол-құрылыс материалдарынан сынама алған. Нәтижесінде 600-ден астам сынама талапқа сай болмай шығып, 11 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынды

«Бүгінгі таңда ол ақау жөнінде мердігерге, техникалық қадағалау мекемелеріне хаттармалар толтырылды. Сондай-ақ, 600-ден астам сынамаға сәйкестендіру жұмыстары атқарылды. ҚР Көлік министрлігі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы жол құрылысының сапасын жіті бақылап отыр» – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы Сынақ зертханасының меңгерушісі Ермек Намазов.

Айта кетейік, биыл Шымкентте 241 көше орташа жөндеуден өтті. Оның 15-і – көлік ағыны жоғары магистралды көше.