Шымкенттегі «Алтын мерген» Гран-приінде Қазақстан құрамасы 1-орын алды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Шымкент қаласында нысана көздеуден «Алтын мерген» халықаралық турнирі мәресіне жетті.

Нысана көздеу
Фото: ҚР Спортты дамыту дирекциясы

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, биылғы турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан және Беларусь Республикаларынан жалпы саны 230 таңдаулы мерген жиналып, 25 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Жалпы есепте 17 алтын, 13 күміс, 13 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы 1-орынға ие болды. Екінші сатыға 6 алтын, 10 күміс, 10 қола медаль жеңіп алған Беларусь құрамасы жайғасты. Ал үздік үштікті Қырғызстан түйіндеді. Олардың еншісінде 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль бар.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Александра Ле, Константин Малиновский мен Никита Чирюкин сынға түсті. Бұған қоса Валерий Рахымжан, Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Ирина Юнусметова, Елизавета Безрукова, Юрий Юрков, Асадбек Назиркульев сынды жүлде алып жүрген ұлттық құрама спортшылары болды.

Енді ұлттық құрама Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Бразилиядағы Әлем Кубогы кезеңіне аттанады.