Шымкенттегі ассамблея мүшелері 10 млн теңге мен 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы штабы «Жүректен жүрекке» акциясы аясында 10 миллион теңге мен 20 тонна зат жинап, Атырау облысына жіберді. Бүгінде ассамблея мүшелері гуманитарлық көмектің екінші легін жинап, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жөнелтуге дайындап жатыр.

Пострадавшим от паводка жителям ЗКО оказывают гуманитарную помощь
Фото: БҚО әкімдігі

Бүгінгі таңда Шымкентте екі гуманитарлық көмек қабылдау орталығы жұмыс істеп тұр. Біріншісі, «Достық» үйінде болса, екіншісі «Арай» ЖШС аумағында орналасқан. Шымкент қаласының әрбір тұрғыны азық-түлік, киім-кешек секілді күнделікті тұтыну тауарларын алып келіп, өткізе алады. 

«Шымкенттіктер «Жүректен жүрекке» акциясына белсенді түрде қатысуда. Кешегі күні бір тұрғын бір қап картоп беріп кетсе, екінші адам сәбіз алып келіп табыстады. Барлығының мақсаты - жақсылық жасау. Біз су тасыған аймақтағы әріптестерімізбен жиі байланысқа шығып, қандай заттар керек екендігін де анықтап, соған қарай жұмыс істеудеміз. Мәселен, қазір гигиеналық заттар мен азық-түлік, резеңке етік пен арнайы киімдер қажет. Осыған орай бізде сол заттарды мейлінше көп жинақтаудамыз»- дейді, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету жөніндегі штаб басшысының орынбасары, Шымкент қаласының «Өзбек» этномәдени орталығының төрағасы Тахирбек Нишанбаев.