Шымкенттегі көпқабатты үйлерге жылу 1 апта ерте беріле бастады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте күн салқындауына байланысты жылу белгіленген мерзімінен бұрын беріліп жатыр. Бұл туралы әкімдік хабарлайды.
«Ауа температурасы төмендеп, күн салқындауына байланысты тұрғындар тарапынан жылуға қатысты көптеген өтініш түскен. Осыны ескерген Шымкент қаласының қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жылу жүйелерін мерзімінен бұрын іске қосуды тапсырды. Кестеге сәйкес жылу қараша айының 1-іне қосылу керек болатын. Қала басшысының қаулысымен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға бүгіннен, яғни қазанның 21-інен бастап жылу беріле бастады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Таратылған мәліметке қарағанда, қазір қаладағы 26 бөлек орналасқан жылу қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясы жылу маусымына дайын. Тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету төмендегідей кезектілікпен жүзеге асырылады:
- балабақшалар, емханалар, мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер;
- тұрғын үйлер, жатақханалар;
- әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар;
- басқада ғимараттар.