Шымкенттегі суық сарай: Танымал актер «Түркістан сарайының» қазіргі жағдайын сынға алды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — «Түркістан сарайы» 2015 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
«Өнер қырандары» театрының жетекшісі, актер Мадияр Серікбаев Шымкент қаласында орналасқан «Түркістан сарайында» көрермен мен өнерпаздарға қолайлы жағдай жасалмай отырғанын айтты.
— Қаншама жыл болды, Шымкентке келген сайын өнер ордасында электрлі жылыту пешімен отырамыз? Сахна «пушкамен» жылытылып жатыр. Мүлде жылу жоқ. «Түркістан сарайында» осындай жағдай болып тұр. Көрермен сырт киіммен отыруға мәжбүр, перделер тозған, есіктер дұрыс жабылмайды, — деп ренішін білдірді актер.
Осыған қатысты Kazinform тілшісінің сауалына Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ресми түсінік берді.
— Биыл қараша айының соңғы күндері «Түркістан сарайы» ғимаратына келетін негізгі жылу жүйесінде ақаулар анықталды. Оған жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қосылуына байланысты ғимарат ішін жылыту мақсатында қосымша жылыту құрылғылары қойылған болатын. Бүгінгі таңда жылу жүйесі қалыпты деңгейде жұмыс істеп тұр, — делінген ведомство жауабында.
Әлеуметтік желідегі жұртшылықтың пікіріне қарағанда, олар Мәдениет үйінің тозып бара жатқанын, бұған дейін де концерттерде зәулім сарайдың іші суық болғанын жазған.
Бұдан бұрын Шымкент әуежайындағы ақылы тұрақ бағасы жүргізушілер наразылығын тудырғанын жазған едік.