Шымкенттегі «Жеңіс» саябағында жылан жүр
Шымкенттегі «Жеңіс» саябағында жылан жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» Құтқару қызметіне хабарласқан тұрғындар қала орталығында орналасқан «Жеңіс» саябаяғында жылан жүргенін айтқан. 6 минут ішінде оқиға орнына жеткен құтқарушылар периметр бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізген. Дегенмен, саябақ аумағында жылан табылмады.
«Желідегі жарияланған фотосуреттегі жыланның сыртқы ерекшеліктерінен қарашұбар жылан екенін көруге болады. Жыланның бұл түрі адамдарға қауіп төндірмейді. Дегенмен кездескен кезде абай болып, оларға агрессивті күш көрсетудің қажеті жоқ», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Шымкенттік құтқарушылар жыл басынан бері 128 рет жылан аулауға шыққан. Соның 86 шақыртуы бойынша жыланды аулап, қауіпсіз аймаққа шығарды. Шақыртулардың ең көбі мамыр айында тіркелген. Яғни, 35 рет шақырту алған.
Жалпы өткен жылмен салыстырғанда қалада жылан аулау көрсеткіші мен шақыртулар саны екі есеге өскен.