Шымкенттік емші Астанадан асырап сәбилер: үшінші бала қайдан берілгені беймәлім
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкенттің тұрғыны асырап баланың бірі қай қаладан алынғаны белгісіз болып жатыр.

Еске салайық, шымкенттік емші елордадан үш сәбиді бауырына басқан. Нақты айтқанда, егіз, одан бөлек тағы бір бала бар. Бұл туралы Шымкент қаласы Білім басқармасының анықтамасында жазылған.
Егіздің тағдырына қатысты елорданың Білім басқармасы түсініктеме берді, бүгінде қос сәби Астанаға қайтарылды.
Олай болса, үшінші сәби қайдан пайда болды? Себебі Шымкент қаласының Білім басқармасы ұсынған анықтамада «2021 жылғы 7 шілдеде Астана қалалық білім басқармасы басшысының №336 бұйрығымен тағы бір сәби қамқоршылыққа берілген. Емші мен оның жұбайы екі жылдан кейін, нақты айтқанда 2023 жылдың 30 қазанында сәбиді сот шешімімен асырап алған», - делінген.
Жауабын Астана қаласы Білім басқармасынан сұраған едік .
«Қорғаншылық белгілеу туралы 2021 жылғы 07 шілдедегі № 336 бұйрық шығарылған жоқ. Сұрауда көрсетілген бала басқа қаладан қамқорлыққа алынды», - деп жауап берді Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.
Айта кетейік, 2022 жылдан 2024 жылғы 19 шілдедегі жағдай бойынша Астана қаласының интернаттық мекемелерінен 55 бала қорғаншылыққа (қамқорлыққа) және 35 бала асырап алуға берілген.
Бұған дейін Шымкенттік емші асырап алған астаналық егіз – тастанды екені анықталған еді.
Сондай-ақ, Шымкенттік емші асырап алған егіз елордаға қайтарылды.