Шымкенттіктер экологияға қатысты қандай шағымдар қалдырады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкентте экологиялық заңбұзушылықтар азаймай тұр.

мусорка
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Сабыр Балыбектің сөзіне сүйенсек, тұрғындардың өтініштері көбінесе тұрғын үйлер арасында мал ұстау, көршілердің тұрмыстық қалдықтарды өртеуі, монша мен темір қабылдау пунктері, түнгі мезгілде қаладан шығатын жағымсыз иіс, өндіріс орындарының ауа мен суды шамадан тыс ластауы, көшедегі және контейнердегі қоқыстардың уақтылы алынбауы, кәріз жүйелерінен шыққан иіс және рұқсатсыз қоқыс орналастыру мәселелеріне қатысты түседі. 

Бүгінде арыз шағымдар кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтындықтан, департамент мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Жалпы, экология департаменті 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 19 тексеру жүргізген. Оның ішінде 6 профилактикалық, 2 сәйкестік және 11 жоспардан тыс бақылау болған.

Нәтижесінде 19 нұсқама беріліп, 34 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы сомасы 23,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Елеулі істердің қатарында үш заңды тұлғаға «Жерді бүлдіру» бойынша іс қозғалып, қылмыстық құрам анықталмағандықтан материалдар Экология департаментіне қайтарылған. Бұл жағдайлар бойынша 8 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ төрт жеке тұлға жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 33 мың теңге айыппұл төлеген. Әл-Фараби ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде аудан аумағындағы санитарлық тазалау жұмыстарына жауапты лауазымды тұлғаға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324 бабының 1 тармағымен айыппұл салынса, көлік прокуратурасының қаулысымен «Аэрапорт Шымкент» АҚ-на 553 мың теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылған.

Сондай-ақ, сот шешімімен бірнеше ірі өндіріс орнының қызметі уақытша тоқтатылды. «СинЮанСТИЛЬ» ЖШС тазалау құрылғысыз жұмыс істегені үшін жауапқа тартылса, «HILL» ЖШС-ға 1,96 млн теңге көлемінде айыппұл салынды және кәсіпорын қызметі бір айға тоқтатылды. «Гермес-Б.Е.» ЖШС 786,4 мың теңге көлемінде айыппұлмен үш айға, ал ЖК «Хабибулла Нематулла» 393,2 мың теңге көлеміндегі айыппұлмен бір айға жабылған.

- «Қазгидромет» мекемесінің мониторинг нәтижесінде 2025 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша атмосферадағы ауаның ластануы деңгейі көтеріңкі болып бағаланады. Мұның себебі - былтығы жылы «Ордабасы» индустриалды аймақтағы күкірт шикізатын сақтау қоймасында үлкен өрт орын алған. Соның салдарынан ластану деңгейі көтерілген. Қаладағы атмосфералық ауаның ластануының негізгі себептеріне - өндіріс орындарынан, автокөліктерден және жылыту мақсатында жеке тұрғын үйлерден шыққан шығарындылар жатады, -деді Сабыр Балыбек.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте әкімдіктің 54 қызметкері құмар ойынға бой алдырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум