Шымкенттің бас дәрігері пациенттің әкесінің үстінен сотқа шағым түсірген

Шымкенттің бас дәрігері пациенттің әкесінің үстінен сотқа шағым түсірген
Фото: видеодан кадр/Өңірлік коммуникациялар қызметі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков медициналық ұйымдардың біріне келген науқастың әкесінің үстінен сотқа шағым түсірген. Қаланың бас дәрігерінің айтуынша, ер адам интернет желісі арқылы жала жапқан.

Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша өткен брифингте Нұрлыбек Асылбеков қалада медицина саласы бойынша арыз-шағым түсірушілер саны артқанын ашып айтты.

«Кемшілігіміз бар. 2022 жылмен салыстырғанда бізде арыз-шағым көбейген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, былтыр 26 пайызға өскен. Әрине, мұны бәріміз жұмыла азайтуымыз керек. МӘМС арқылы да мониторинг жасалынып отырады. Соған қатысты да шағымдарды азайту мақсатында жұмыс жасап жатырмыз», - деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Спикердің сөзінше, қалада көбіне медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар түседі. Кей жағдайда пациенттер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес тағайындалған ем-домға қарамастан «ауруханада дәрі-дәрмек тапшы» деп арызданып жатады екен. Сәйкесінше олардың шағымдары негізсіз екені анықталады.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдардың көбі расталмаған. Мәселен, былтыр жемқорлық бойынша 6 шағым түскен. Құзырлы органдар жүргізген жұмыстардың нәтижесінде олардың тек біреуі расталыпты. Үстінен шағым түскен дәрігер жұмыстан шығарылған.

«Менің үстімнен де негізсіз жала айтылып, сотқа шағым түсіруіме тура келді. Бір науқастың әкесі көрсетілген қызмет сапасына шағымданып, медицина ұйымындағы мәселені жемқорлықпен байланыстырған. Ал мені ондағылардың бұл әрекетін көре-тұра жылы жауып отыр деп интернет желісінде ақпарат таратқан. Анықтай келе, ол мекемеде ешқандай сыбайластық анықталмады. Маған қатысты да айтылған ақпарат негізсіз болғандықтан ар-ожданыма нұқсат келтіреді деп сотқа шағым түсірдім», - деді спикер.

Брифингте денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестегі негізгі құралдарының бірі ашықтық екенін алға тартқан басқарма басшысы қаржыландыру көзінде ашық портал арқылы жұмыс істейтінін жеткізді. Бүгінде қаладағы медицина ұйымдары арасында жалпы денсаулық сақтау саласындағы жемқорлыққа әкелетін факторларды алдын алу мақсатында 11 жоба қолға алынып, 5-жоба пилоттық режим негізініде жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Шымкент қаласының денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы 28 комплаенс офицерлері тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бұйрығына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бекітілген ережемен жұмыс істейді. Мақсат – жемқорлықты дәрігерлер немесе пациенттермен сөйлесе отырып анықтау және оның алдын алу.

Соңғы жаңалықтар