Шымкент халқының 99,9 пайызы табиғи газбен қамтылған

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда өңірдің отын-энергетика кешеніндегі ағымдағы жағдайына тоқталып, қала тұрғындарының жылу мәселесіне, газбен қамтамасыз ету, ЖЭО жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы жылыту маусымына дайындығы талқыланды. 

газ
Фото: Рixabay

Жиын барысында газдандыру бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі Шымкент қаласында тіркеліп отырғаны сөз болды. 

Оның деңгейі — 99,9% немесе 1 млн 173 мың адам табиғи газға қол жеткізген. 

Биыл 9 жобаны (4 жалғасуда, 5 жаңа) іске асыру жоспарланған.

Оның нәтижесінде келешекте қосымша 80 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізе алады және газдандыру деңгейі 100% болады.

Сонымен қатар вице-министр 2025 — 2026 жылдарға арналған бюджеттік бағдарлама шеңберінде «Ынтымақ шағынауданында 110/35/10 кВ кіші станция және 110 кВ электр желілерін салу» жаңа жобасын іске асыруға 5,0 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу қарастырылып жатқанын атап өтті.

Жобаны жүзеге асыру барысында Ынтымақ, Батыс, Солтүстік саяжай, Жаңатұрлан, Темірші әулие шағынаудандары мен қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа әуежай терминалының 45 мыңға жуық тұрғыны үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Тағы бір маңызды бағыт — сұйытылған мұнай газы нарығы. Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы — 1 литрі 70 теңге.

Өңірде 4 газ толтыру станциясы және 192 автомобильге газ құю станциясы бар.

Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну қаңтар-маусым айларында 68 мың тонна болды, өткен жылдың ұқсас кезеңінде шамамен 59 мың тонна тұтынылған. 

«Ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның алыпсатарлық жолмен көтерілуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл шаралар сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек бағасын белгілеу арқылы бөлшек сауда бағасының күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді», -деді Е. Ақкенженов.

Сонымен қатар, вице-министр Ерлан Ақкенженов тұрғындарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерімен Шымкент қаласын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мәселесін талқылады.

СМГ аймақтар бойынша бөлу бойынша нормативтік-құқықтық актілерге қатысты мәселелер қаралды.

Соңғы жаңалықтар