Шымкенттің Қаратау ауданына жаңа әкім тағайындалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бұдан былай бұл қызметті Алмас Емелтайұлы Абаев атқарады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімімен, қала әкімінің өкіміне сәйкес, Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі лауазымына Алмас Емелтайұлы Абаев тағайындалды.
Алмас Емелтайұлы 1990 жылғы 11 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында туған, қазақ, білімі жоғары. Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін және Италияда Тор Вергата университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі қаржы, құқық, мемлекеттік сатып алу саласындағы халықаралық магистр.
Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «Еңбек-Ақмола» филиалында мемлекеттік сатып алу маманы болып бастады.
2011-2022 жылдары жеке секторда және орталық мемлекеттік органдарда жауапты басшылық қызметтер атқарды, ал 2022-2023 жылдары Абай облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.
2023 жылдың қараша айынан бастап Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы лауазымында еңбек етті.
Айта кетейік, бұдан бұрын белгілі журналист Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.