Шынайы оқиға желісімен: «111» телесериал түсірілімінен репортаж

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «111» (Juz on bir) тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына арналған жаңа қазақстандық телехикаяның түсірілімі жүріп жатыр. Шытырман оқиғаға толы детективтік драма осы күзде көрермендердің назарына ұсынылмақ. Түсірілім алаңына Kazinform агенттігінің фототілшісі барып, кадр сыртындағы қызықты сәттерді түсіріп қайтты.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«111» – шынайы оқиғаларға негізделген тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналған сериал. Бірінші сериясы «Jibek Joly» телеарнасында 7 қазанда шығады. Сюжеттің басты кейіпкері - жас қорғаушы Айжан Қамбарова. Сүйіктісімен қайғылы жағдайда ажырасқаннан кейін ол әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инспекторы болады.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Кейіпкер қызмет барысында әртүрлі қиындықтарға тап болады. Оған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесуге және қылмыстық тергеуге жиі қатысуға тура келеді. Айжанның бөлімшесінде бірнеше қызметкер жұмыс істейді. Олардың бәрі өз миссияларын адал атқарады.

Телесериалдың төрт режиссері бар. Осыдан-ақ жобаның қаншалықты ауқымды екенін байқауға болады. Түсірілімге Бейбіт Өнер, Берік Жаханов, Модияр Абдуқадыров және Евгений Паламарчук сынды режиссерлер жетекшілік етеді.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

27 жастағы Модияр Абдуқадыровтың айтуынша, режиссурадағы мұндай жан-жақтылық әр сахнаның жасалуына шығармашылық пен креативті идея қосады.

«Бұл менің осы саладағы алтыншы сериям. Мен үшін осындай тәжірбиелі мамандарымен бір командада жұмыс істеу зор мәртебе әрі қызықты. Мұнда сапалы өнім алу үшін бір-бірін тыңдап, өзара тіл табысу маңызды. Бұл үлкен жоба: 40 эпизод, шынайы өмірден алынған 20 түрлі жағдай. Сценаристермен елімізде ғана емес, шетелде болған шынайы оқиғаларды іздедік. Сондықтан бұл тақырыпты барынша ашып, көрерменге қызықты форматта ұсынуымыз керек. Мұнда әр режиссердің рөлі өте маңызды. Одан не шығатынын көреміз», – дейді ол.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Осындай өзекті тақырыпта телехикая түсіру – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аудару және оған деген көзқарасты өзгерту жолындағы маңызды қадам. 

Режиссердің айтуынша, фильм әйелдерді мықты болуға, өзін құрметтеуге, көмек сұраудан ұялмауға шақырады.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы тек қазақ қоғамында ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болғандықтан, көрермендер бұл сериалды бағалайды деп ойлаймын. Елімізде әйелдер құқығын қорғау мақсатында түрлі шаралар мен заңдар қабылданды. Сериал қоғамға өзгеріс әкеліп, адамдарды осы мәселеге жаңаша көзқараспен қарайды деп сенемін. Біз тек тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын ғана емес, әртүрлі жақтан зорлық-зомбылық көрсеткендерді де көрсетеміз. Біздің сериал адамдарға зорлық-зомбылықтың зұлымдық екенін және оған мүлдем жол берілмейтінін түсінуге көмектеседі деп сенгім келеді», - деді Модияр Абдуқадыров.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Сериал авторлары түсірілім сапасына үлкен мән береді – түсірілім алаңында ерекше атмосфера бар. Бүкіл процесс актерлерден, гримерлерден, ассистенттерден және операторлардан тұратын үлкен топтың жақсы үйлестірілген жұмысын талап етеді. Әрбір қатысушы сахналарға мұқият дайындалады: актерлер үзіліс кезінде сценарийді қайталайды, операторлар алаңды әртүрлі қырынан түсіреді, ал режиссер түсіру процесінің барлық кезеңін бақылайды.

Актер құрамы әртүрлілігімен таң қалдырады. Түсіру алаңынан танымал актерлерді де, дебютанттарды да кездестіруге болады. Басты рөлде Жанель Серғазина, ол Айжан есімді заңгердің образын сомдайды. Сонымен қатар, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжіт, Ермек Шынболатов, Жарқынай Ханайым, Айнұр Болат және тағы басқалары ойнайды.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Бұл менің осындай ауқымды жобадағы дебютім. Мен үшін үлкен тәжірибе. Аталған сериалда мен басты кейіпкер – тергеушінің қызының рөлін сомдаймын. Менің кейіпкерім қиыншылықтарды, анасының қысымын бастан кешіреді және ата-анасының ажырасуы оған қиынға соғады. Сондықтан, моральдық тұрғыдан қиын, өйткені осы сынақтардың бәрін басынан өткеретін адамның бейнесіне үйрену керек», - дейді дебютант Сабина Сайлауқызы.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Сериал продюсері Жанар Тұрпатова жоба басталар алдында ашық кастинг жарияланғанын, әр өңірден көптеген өтінім түскенін айтты. Сондай-ақ, көптеген актерді режиссерлер шақырған.

«Бұл тақырыпты – тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресті барлық әртістер қолдады. Көрермендер сериалды бағалайды деп сенемін», - деді ол.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Жоба идеясының авторы – бас продюсер Анар Жүнісова. Ал, шығармашылық идеяларының шынайы жүзеге асуы үшін сериал жасаушылар дағдарыс орталықтарына барып, зорлық-зомбылықтың нағыз құрбандарымен әңгімелесті, мамандармен және полиция қызметкерлерімен кеңесті.

Неліктен «111»

Фильмнің аты кездейсоқ таңдалған жоқ. 111 – отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жан-жақты көмек көрсететін 111 қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығының нөмірі.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Біз серияның атауы туралы ұзақ ойланып, әртүрлі нұсқаларды қарастырдық, бірақ соңында оны «111» деп атадық. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары көмек сұрай алатын нақты қызмет нөмірі. Кез келген адам 111 нөміріне хабарласып, қажетті қолдауды ала алады. Біздің сериалдар арқылы адамдар осындай қызметтің бар екенін біліп және отбасылық- тұрмыстық мәселелер бойынша көмек сұрауға ықпал етеді деген үміттеміз. Мұндай сериалдар, фильмдер мен медиа жобалар көрермендердің көзқарасын өзгертіп, маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі. Біз адамдарды қорықпауға, өз проблемаларын ашық айтуға және 111 нөміріне хабарласуға шақырамыз. Сериалда әйелдер қайда жүгінетінін білу үшін дағдарыс орталықтарының жұмысын көрсетеміз. Көршілік осындай жерлер барын білмеуі мүмкін. Сондықтан біздің туындымыз жол сілтеуге ықпал етпек», - деп түйіндеді режиссер Модияр Абдуқадыров.

111
Фото: Александр Павский/ Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар