Шыңжаң жайлауында ақындар айтысы өтті — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытай
Фото: kaz.people.cn

Маңғыстаулық велошабандоз өз арманын орындады — TRT

2024 Париж Олимпиада ойындарына бейбітшіліктің туын тасыған маңғыстаулық велошабандоз Рәббім Борашев өз арманын орындады. Ол 8 ел, бес мың шақырымнан астам жолдан асып, Франция астанасына жетті.

Рәббім Борашев
Фото: trt.net.tr

Айта кетейік, Рәббім Борашев жұбайы Айзадамен бірге Парижге жеткен болатын.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы да хабарлады.

Аталған басылымның дерегінше, Парижде Рәббім мен Айзада Борашевтерді қазақстандықтар, туристер және Қазақстанның Франциядағы өкілетті елшісі Гүлсара Арыстанқұлова салтанатты түрде қарсы алды.

Қазақстан Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та елшілікте велосаяхатшы Рәббім Борашевпен кездесті.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы Ақтау қаласында маусым айында басталған сапар Париждегі Триумфальная аркада мәреcіне жетті. Велошабандоз әлемдік спорт додасында қазақстандық спортшыларды қолдау үшін велосипедімен арнайы барған болатын.

Велосипедші алдымен Ақтаудан Бакуге, содан кейін Грузия арқылы маусымда Түркияға жетті. Түркияда оны Гиресун облысының губернаторы Мехмет Фатих Серденгечти қабылдап, қонақ қылған болатын. Әрі қарай батыл шабандоз жұбайы Айзадамен бірге Мажарстан, Аустрия және Германия арқылы Парижге жеткен.

Ең қауіпсіз елдер рейтингінде Өзбекстан бірінші орынды иеленді — «ӨзА»

Өзбекстан 121 мемлекет қамтылған «Safety Perception Index 2023» (қауіпсіздікті қабылдау индексі) рейтингінде бірінші орынды иеленді. Әлемдегі ең қауіпсіз елдер рейтингінде Өзбекстан азаматтарының өмірі мен саяхатына қауіп деңгейі төмен екені атап өтілген, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі. 

өзбекстан
uza.uz/kz

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Норвегия және Эстония да қауіпсіз елдердің бестігіне енді.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан 14-ші, Тәжікстан 17-ші, Қырғызстан 26-шы орында.

Рейтингтің ең төменгі бөлігін Гвинея, Сьерра-Леоне және Мали елдері иеленген.

«Қауіпсіздікті қабылдау индексі бес факторға бағытталған: азық-түлік пен су, зорлық-зомбылық қылмысы, қолайсыз ауа-райы, психикалық денсаулық және жұмыс орнындағы қауіпсіздік. Бұл факторлар елдің қауіпсіздік рейтингінің негізін құрайтын имиджді дамыту үшін маңызды негіз болып табылады», деп жазады өзбекстандық басылым.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» агенттігінде «Самарқанд пен Шымкент туристік ынтымақтастықты нағайтады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Самарқанд пен Шымкент
Фото: uza.uz/kz

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Самарқанд пен Шымкенттің туризм саласы өкілдері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

Самарқанд қаласындағы «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университетінде «Род-шоу» өтті. Оған Самарқанд, Самарқанд облысы және Қазақстанның Шымкент қаласынан туроператорлар, турагенттер, қонақ үй және мейрамхана менеджерлері қатысты.

Айта кетейік, бизнес өкілдері өз қалаларының туристік нысандарын, сондай-ақ инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды. Мұнда екі елдің туризм саласының өкілдері үшін ұйымдастырылған кездесулер де өткен.

Шыңжаң жайлауында ақындар айтысы өтті — «Халық газеті»

Жақында Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысының 19-ыншы кезекті ақындар айтысы мәдени туризм фестивалі Шыңжаңның Іле облысы Тоғызтарау ауданы Көлденең жайлауында өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Айтыс
Фото: kaz.people.cn

Ақындар айтысы домбыраны сүйемел етіп, ақындардың қолма-қол суырып салма қабілетін сынайтын сөз сайысы. Айтыс — қазақтар арасында кең таралған ежелгі және ерекше өнер. Ол 2006 жылы ұлттық материалдық емес мәдени мұралар тізімінің бірінші партиясына енген болатын, деп жазды қытайлық басылым.

айтыс
фото: kaz.people.cn

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Шыңжаңның Қорғас портынан Қазақстанға қатынайтын арнайы пошта желісі іске қосылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

қорғас
фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, электронды пошта қазынасы — бұл China Post компаниясы жеңіл және ұсақ заттарды трансшекаралық жеткізу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін іске қосқан стандартты тікелей жеткізу бизнесі. Бұл трансшекаралық электронды коммерция платформалары мен сатушыларға қызмет көрсетеді.

Шыңжаңдағы Қорғас портында Қазақстанға қатынайтын арнайы электронды пошта желісі ресми түрде ашылған.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, арнайы желінің ашылуы кедендік рәсімдеудің тиімділігін арттыруға, Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық электронды коммерция кәсіпорындарының операциялық шығындарын азайтуға және тұрақты және ыңғайлы логистикалық арнаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ирандық зерттеушілері жаңа терапиямен тұқым қуалайтын зағиптықтың алдын алмақ  — Parstoday

Ирандық зерттеушілер оңтайландырылған рекомбинантты вирустық векторларды ойлап табу арқылы тұқым қуалайтын «Retinitis Pigmentosa» ауруы бар науқастарда зағиптықтың алдын алуда табысқа жетті, деп хабарлады Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Иран
Фото: parstoday.ir

Аталған басылымның мәліметінше, Ирандық зерттеушілер оңтайландырылған рекомбинантты вирустық векторларды ойлап табу арқылы тұқым қуалайтын «Retinitis Pigmentosa» ауруы бар науқастарда соқырлықтың алдын алуда табысқа жеткен.

Айта кету керек, «Retinitis Pigmentosa» ауруы — көз торы дегенерациясының бір түрі және тұқым қуалайтын зағиптықтың ең көп таралған түрлерінің бірі, оның таралуы шамамен жаңа туған екі мың бес жүз нәрестенің бірін қамтиды. Бұл түнгі соқырлыққа және ақырында толық зағиптыққа әкеледі.

Ирандық зерттеуші Мариям Хақшенас осы туралы өз ойын бөліскен. Оның айтуынша, аталмыш ауруды емдеу үшін қабылданатын тиімді шаралардың бірі генді тиімді тасымалдау үшін оңтайландырылған рекомбинантты вирустық векторларды өндіру болып табылады.

Мариям Хақшенастың айтуынша, «Retinitis Pigmentosa» ауруын емдеу үшін осы әдісті қолдану арқылы осы геннің сау нұсқасы бар вирус жасалды.

Еңбектің наны тәтті — Janadauir

Саяхатшылық, туризм саласы еліміздегі дамып келе жатқан салалардың бірі. Саяхатшыларға қызмет көрсету, стандарттық талаптарға сай гигиеналық тазалықты ұстана отырып қызмет көрсету де аса маңызды. Өткен жылы аймағымызға 70 мыңдай саяхатшы келген. Саяхатшылардың әрбіреуі аймағымыздағы қонақ үйлерге қонады, әр жолғы саяхатшыларға тізгінші, аспаз, аудармашы деген сияқты ең кемінде үш адам еріп жүреді. Олар ауылдардағы адамдардан ат мінеді, көлік жалдайды. Осының барлығы да аймағымызға кіріп жатқан таза кіріс деп есептеген жөн. Өткен жылдары аймағымызға АҚШ-тың экс президенті Трамптың ұлы және өткен жылы Кореяның атақты әртісі Жан Хег бастаған топ келіп деректі фильм түсірді. Осындай әйгілі азаматтарға ас-тағаммен даяшылық жасаған Индира Кенжеханқызы көптің алғысын алуда, деп жазады Баян-Өлгей аймағының «Janadauir» басылымы.

Моңғолиялық басылымның дерегінше, ол 20 жыл бойы аспаздықты кәсіп етіп, баласын оқытып ер жеткізіп, кәсібін ашып, ағайын-туысына қолғабыс жасап келеді. Қарапайым, өз еңбегінің шебері Индира өткен қыста батыс бес аймақ арасындағы аспаздар сайысынан бірінші орын жеңіп алып марапатталған.

Индира көптеген қиыншылыққа қарамастан осы салада табан аудармай 20 жыл жұмыс істеген уақытында әрдайым өзін жетілдірген.

«Мемлекеттің байлығын мүжімей тек өз еңбегін сатып бала-шағасын асырап жүрген жанның бәрі еңбек майталманы деген атаққа лайық. Ендеше мамандықтың, кәсіптің бәрі жақсы, адал астың бәрі тәтті», - деп түйіндейді моңғолиялық БАҚ.

Соңғы жаңалықтар