Шыңжаңдық қазақ малшы 46 миллион теңге сыйақы алды - Шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолиядағы қандасымыз Шәмсия »доктор« атанды – Janadauir
Ұланбатыр қаласында табысты жұмыстап жүрген бір әріптесім туралы айта кеткенді жөн көріп отырмын. Ол – көз ауруларының докторы, Ұланбатыр қаласындағы бала және ананың денсаулығын сақтау орталығының балалардың көз дәрігері Шәмсия Мұратқызы, деп жазды моңғолиялық «Janadauir» басылымы.
Аталған ақпарар көзінің дергіне сүйенсек, Шәмсия 1999 жылы Медицина университетін бітіріп, 1991-2001 жылдар аралығында Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығында көз дәрігері мамандығы бойынша резидентура бітіріп, алғашқы еңбек жолын бастайды.
Ол 2005-2007 жылдары Ресей федерациясының Санкт-Петербург қаласында мамандығын жетілдірген. Жұмыс бабымен Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттары, Индия, Австралия, Макао қатарлы елдерге барып, тәжірибе алмасып, мамандығын жетілдіруден тыс, медицина саласында білім беру ісіне де ат салысқан. Ш. Мұратқызы осы 25 жылдық іс-қызметінде балалардың көз жанарының көру қабілетін жақсарту, туадан және жүре пайда болған көз жанарының төмендеу процесін тоқтату, ерте анықтау, көз отасын жасау қатарлы игі істерімен танылып, көптеген халықаралық дәрежедегі сый-марапаттарға ие болған.
Сондай-ақ ол өмір бойы ізденісте болған дәрігерлердің бірі. Шәмсия Мұратқызы 2010 жылы Оңтүстік Кореяның INHA университетінде 3 айлық оқытуына, 2012 жылы Австралияның Salzburg Weill Cornell Seminar in Ophthalmology, 2014 жылы Жапонияның Токио қаласындағы халықаралық көз дәрігерлерінің форумына, 2015 жылы Америка Құрама Штаттарының мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арнайы оқытуына, 2016 жылы Біріккен Араб әмірлігінің Hyderabad қаласында көзі көрмейтін адамдарға көз қарашығын алмастыру оқытуына қатысып қайтқан.
Сонымен қатар 2016-2017 аралығында бір жыл астам уақыт Біріккен Араб әмірлігінің Hyderabad, Bhubaneswar қалаларында балалардың көз ауруларына қатысты оқытуға, 2018 жылы «Орбис» халықаралық ұйының «Strabismus hands-on trainee» оқытуына, 2022 жылы Малайзияның Куала қаласында, 2024 жылы Макао қаласында өткен халықаралық оқытуларға табысты қатысып, еліміздің медицина саласында айтарлықтай үлес қосып, балалардың көзін емдеу, сауықтыру, көру қабілетін жақсарту мақсатында жүрген мамандардың бірі. Шәмсияның осы еңбегін Азия, Тынық мұхиты көз дәрігерлерінің қауымдастығы жоғары бағалап «Outstanding service Prevention of Blindness Award» сыйлығын 2022 жылы табыстаса, еліміз презиндентінің жарлығымен жаңа жыл қарсаңында «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған.
Шыңжаңдық қазақ бақташы 46 миллион теңге көлемінде сыйлық алды - Harajorga
Жақында Қытайдың 8-шы Мемлекеттік түйе бақташылар жиналысы Шыңжаң өлкесіндегі Бурылтоғай ауданында өтті. Аталған басқосуға 800-ден астам түйе шарушылығымен айналысатын уәкілдер бүкіл елдің жер-жерінен келді. Жиналыста «Сапа сыйлығы», «Сенімділік сыйлығы», «Үздік сүт пункті, үздік сүт тасушы» қатарлы сыйлық ақшалары таратылып, үздік түйешілердің еңбегі марапатталды, деп хабарлайды қытайлық «Harajorga» әлеуметтік желісі.
Аталған айтулы іс-шарада Бурылтоғай ауданы Қарамағай қалашығы Ойқора ауылының тұрғыны Омірбек Мысырханұлы атты қандасымызға 650 мың юань(46 миллион теңге көлемінде - авт.) сыйлық табысталды.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бұл «Сенімділік сыйлығының» ең жоғары деңгейдегі сыйлық ақшасы болып саналады екен.
Бұхараға 2024 жылы 6 миллионға жуық турист келген - «ӨзА»
Ғасырлар бойғы сыр мен құпияны бойына сіңірген, ұлы тарихи ескерткіштері мен зиярат орындарын сақтап кележатқан көне Бұхара бүгінде бұрынғыдан да көп туристерді қабылдауда, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, 2024 жылы ежелгі шаһарға 1 миллион 745 мың 200-ден астам шетелдік турист келіп, оларға көрсетілген қызметтер арқылы туризм экспорты 436,3 миллион АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар, республиканың әртүрлі өңірлерінен 4 миллионнан астам жергілікті тұрғын Бұхараға саяхат мақсатында сапар шеккен.
Қаланың туристік әлеуетін жақсарту мақсатында өткен жылы 74 жаңа орналастыру орны ашылды, оның ішінде 17 қонақүй, 15 хостел және 42 отбасылық қонақ үй қызметін бастады. Сондай-ақ, 43 жаңа туроператор мен турагент жұмысын бастап, олардың жалпы саны 2023 жылғы 143-тен 186-ға жетті.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Ташкентке үш жаңа заманауи метро пойызы жеткізілді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, «Ташкент метрополитені» мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалаға үш жаңа заманауи метро пойызы әкелінген.
Пойыздар 7-10 күн ішінде техникалық сынақтан өтіп, жолаушыларға қызмет көрсету үшін бағыттарға шығарылатын болады.
Белгіленгендей, жыл басынан бері Ташкент метрополитеніне 9 жаңа пойыз жеткізілген. Соның нәтижесінде метро паркіндегі жаңа заманауи құрамдардың үлесі 50%-дан асты. Ақпан айында дәл осындай тағы үш метро пойызын әкелу жоспарланған.
«Метро вагон паркін жаңартудың басты мақсаты – жүрдек пойыздардың аралығын қысқартып, жолаушыларға ыңғайлы қызмет көрсету», деп жазады «ӨзА».
Ирандық әншінің қасиетті Рамазан айында 5 тілдегі концерті өтеді - ParsToday
Ирандық әнші Рамазан айына орай әлемде кеңінен таралған бес тілде үшінші концертін өткізеді, деп хабарлайды «ParsToday» ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, ирандық әнші Ихсан Ясин Рамазан айына орай үшінші концертін парсы, ағылшын, араб, күрд және әзірбайжан тілдерінде өткізеді.
ParsToday агенттігінің ИРНА-ға сілтеме жасаған хабарламасына сәйкес, Ясин бұл концертте «Сана» оркестрі мен хор тобымен бірге «Менің айым» альбомынан шығармаларды және өзінің кейбір жаңа туындыларын орындайды.
Айта кетейік, Ихсан Ясин 1999 жылы дүниеге келген және суфилық пен исламдық музыка шығармаларын жазу саласында белсенділік көрсетіп келеді. Ол бұл музыка стилі тілдерге, елдерге және шекараларға байланысты және осы стильде әр түрлі тілде шығармалар жасалуы керек деп есептейді.
«Бұл әншінің шығармалары негізінен парсы, ағылшын және араб тілдерінде шығарылған. Дегенмен, Ясин тек осы тілдермен шектелмейді және оның шығармаларында Мысыр, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея, Албания, Индонезия сияқты әртүрлі елдерден шыққан өнерпаздармен ынтымақтастық көрініс табады», деп жазады ирандық БАҚ.
Түркия азаматы Қазақстанның Құрметті консулы болып тағайындалды - TRT
Бизнесмен Ердоған Йылдырым Қазақстан Республикасының Түркияның Ескішехир қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев ел астанасы Анкара қаласында Ердоған Йылдырыммен кездесіп, екі ел арасындағы сауда, мәдени және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, кездесуден кейін бизнесмен Ердоған Йылдырым, Елші Еркебұлан Сәпиевті Анкарадағы кеңсесінде қабылдау – өзі үшін үлкен мәртебе екенін тілге тиек еткен. Сондай-ақ, ол Түркия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету үшін нәтижелі кездесу өткізгенін айтқан. Ол Қазақстан тарапына көрсеткен құрметтері үшін алғысын білдіріп, осы маңызды тағайындау кезінде қолдау көрсеткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға ризашылығын білдірген.
Ал, Қазақстан Республикасының Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия мен Қазақстан арасындағы терең достық пен ынтымақтастық жаңа тағайындаулар мен бірлескен жобалар арқылы одан әрі күшейтілетін айтқан. Ердоған Йылдырымның Ескишехир қаласындағы Құрметті консул ретінде табысты қызмет атқаратынына сенімін білдірген.
Қазақстандағы екі университет пен Қытайдың Сянган білім беру университетінің бірлескен жобасы іске қосылды - «Халық газеті»
Қазақстандағы екі педагогикалық университет пен Қытайдың Сянган білім беру университетінің бірлескен жобасы іске қосылды, деп хабарлайды қытайлық «Халық газеті» басылымы «24kz»-ке сілтеме жасап.
Келтірілген деректерге сүйенсек, үшжақты келісім аясында Қазақстан білім академиясы құрылып, STEM бағытын дамытуға арналған екі орталық ашылды. Оның бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, екіншісі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанынан жұмысын бастады.
Қазақстан білім академиясы білім беру саласындағы инновациялық зерттеулер мен идеяларды іске асырмақ. Әсіресе, болашақ педагогтардың біліктігін арттыруға септігін тизбек.
«Тәжірибе алмасу мен тың инновацияларды енгізу жастарды заман талабына сай маман етіп даярлауға үлес қосады. Мұғалімдер осы күзден бастап біліктілігін жетілдіре алады», деп жазады қытайлық басылым.
Сонымен қатар қытайдық «Халық газеті» басылымында «9,5 миллиард юань! 2025 жылғы Көктем мерекесіндегі кино кассалары жаңа рекорд орнатты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Қытайдың Ұлттық кино басқармасы 5 ақпанда жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылғы Көктем фестивалі фильмдерінің кассасы (28 қаңтардан 4 ақпанға дейін) 9,51 миллиард юаньды, ал көрермендер саны 187 миллионды құрап, кассалар бойынша және көрермен саны бойынша жаңа рекорд орнатты.
Аталған басылымның мәліметінше, биылғы Қытайдың Көктем мерекесінде алты жаңа фильм халықпен жүздескен. Мерекенің алғашқы күнінде бір күндік кассалар мен көрермен саны бойынша жаңа рекорд орнады. Сондай-ақ жеті күн қатарынан әр күнгі касса 1 миллиард юаньнан асып, кино нарығы барған сайын жандана түскен.