Шипажайда емделу: мемлекет қандай қолдау көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Шипажайда емделу — мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Бұл қызмет мемлекет қаржысы есебінен тегін беріледі. Негізгі мақсат денсаулықты нығайтуға, ағза қызметін жақсартуға және адамның өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. 

Мүгедектігі бар адамдар шипажайды Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өздері таңдай алады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Ем алу мүмкіндігі адамның денсаулық жағдайына және медициналық көрсеткіштеріне қарай анықталады. Бұл қызмет мүгедектігі бар адамның жеке оңалту бағдарламасына енгізіледі. Осыдан кейін азамат өзіне қолайлы жерді Әлеуметтік қызметтер порталынан өзі таңдай алады.

Порталда қызмет алушы шипажайда ем көрсететін ұйымдар туралы ақпаратпен таныса алады. Әр ұйымның қандай жағдай ұсынатынын көріп, өзіне қолайлы нұсқаны таңдайды.

Мемлекет шипажайда емделу ақысын белгіленген сома шегінде төлейді. Егер таңдалған қызметтің құны осы сомадан аспаса, азамат емді тегін алады. Ал бағасы белгіленген сомадан жоғары шипажайды таңдаған жағдайда, айырмасын азаматтың өзі төлеуіне болады.

— Шипажайда емделу — оңалту жүйесінің маңызды бөлігі. Әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен бұл қызметті алу тәртібі адамдар үшін түсінікті әрі ыңғайлы бола түсті. Азамат шипажайды өзі таңдайды, ал мемлекет емделу құнын белгіленген қаражат мөлшеріне дейін төлейді. Бұл қызмет алушының жеке қажеттілігін ескеруге және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб.

Порталда санаторийлерге қойылатын белгілі бір талаптар қарастырылған. Соның бірі — мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді жағдай жасау. Адамның ғимарат ішінде еркін әрі кедергісіз қозғалуына қажетті жағдайлар жасалуға тиіс. Оның ішінде пандустар, мүгедектігі бар адамдарға бейімделген бөлмелер мен санитарлық орындар және басқа да қажетті жағдайлар болуы керек.

Медициналық көрсеткіштеріне қарай шипажайда әртүрлі емдеу және сауықтыру шаралары жүргізіледі. Олардың қатарында физиотерапия, бальнеологиялық ем-шаралар, емдік дене шынықтыру және басқа да қалпына келтіру процедуралары бар. Мұндай ем-шаралар оңалту кезінде қол жеткізген нәтижені сақтауға, адамның өзін жақсы сезінуіне және күнделікті белсенділігін жалғастыруына көмектеседі.

2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 76 876 мүгедектігі бар адам шипажайда ем алды. Биыл мұндай қызметке қажеттілік білдіргендердің жалпы саны 147 809 адам. Ем алушыларды санаторийге қабылдау жыл бойы, белгіленген кезеңдерге сәйкес ұйымдастырылады.

Шипажайда ем алу жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ретте қолжетімділік пен сапаны арттыруға басымдық берілуде. Ең бастысы, әр адамға қажетті оңалту көмегі жеке қажеттіліктеріне сәйкес және өзіне қолайлы жағдайда ұсынылуы қажет.

Айта кетелік мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы тағы төрт өңірде іске қосылатыны туралы жазған едік