Ширек ғасырдың ішінде Головкин сияқты боксшыны көрген емеспін - Леффлер
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA, IBF, IBO және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (37-0, 33 КО) промоутері Том Леффлер GGG-ге қарсыласты табу қаншалықты қиын болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Шынымен де, ол адам баласы сенбейтін жолды еңсерді. Осы жолда біраз қиыншылықтармен күресуге тура келді. Тыңғылықты жұмыс, шыдамдылық пен нокауттар қазіргі Головкиннің образын қалыптастырды. Жақында оның НВО арнасына келгеніне бес жыл толады. Әлі есімде, бас кезінде мен HBO мен Showtime-нан Головкин үшін жалынып тұрып, слот беруді сұрағанмын. Жай, әншейін, жарнама болсын деп, оны үлкен боксқа шығаруды ойладық. Бара-бара біз оның қарсыластарына ең үлкен гонорарларды ұсына бастадық. Алайда біреуі де шыққысы келмеді. Нағыз проблема сол болды. Әлем чемпионы деген бірнеше атағы бар боксшылар да тартыншақтап, рингке шықпады. Бокста жүргеніме 25 жыл болды. Бірақ ондайды әлі көрген емеспін. Мен білетін бокста кез келген уақытта мықты боксшылар үздіктерге қарсы шығуға тырысатын", - деді Леффлер Las Vegas Review Journal басылымына берген сұxбатында.
Айта кетейік, ағымдағы жылы 16 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Аталған жекпе-жек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы "T-Mobile Arena" спорт кешенінде өтеді.