ШЫҰ Әділет министрлерінің он бірінші кеңесі өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Кеше онлайн форматта ШЫҰ мүше мемлекеттері Әділет министрлерінің жиналысы өтті. Бұл туралы еліміздің Әділет министрлігінен мәлім етті.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен шараға Үндістан, Иран, Қырғыстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және елдерінің Әділет министрлері, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары және бақылаушы мемлекет ретінде Беларусь Әділет министрі Евгений Коваленко қатысты.
Жиын барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері Әділет министрлерінің 2023 жылы өткен оныншы кездесудегі келісімдерді іске асыру бойынша Әділет минстрліктері арасындағы өзара ынтымақтастықтың қорытындысын шығарды.
Кездесуге қатысушылар ШЫҰ-да кейінгі жылдарда қол жеткен құқық және әділет саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Осындай тұрақты кездесулер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер әділет органдары арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Әділет министрі құқық пен әділет саласын цифрландырудағы ынтымақтастықты тереңдетуге және озық тәжірибемен жүйелі түрде алмасуға мүмкіндік беретін меморандум жасасу туралы бастама көтерді.
Шара қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы мәлімдемеге қол қойылып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Әділет министрлерінің келесі кеңесі 2025 жылы Ресейде өтеді.