ШЫҰ аясында Аралдың құрғаған табанына орман егетін орталық құрылады

Арал мәселесі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттерінің қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауапты министрлері мен ведомство басшылары бесінші рет бас қосты.

Жиынға ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин мырза, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь делегациялары қатысуда.

ШЫҰ Арал мәселесі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Экологиялық проблемаларда шекара болмайды және Шанхай ынтымақтастық ұйымының барлық елдерінде ұқсас экологиялық проблемалар бар, оларды тек күш біріктіру арқылы бірлесіп шешу қажет. Бүгінгі кеңесте біз экологиялық мәселелерді шешуде, климаттың өзгеруінде, парниктік газ шығарындыларын азайтуда, қалдықтарды тиімді басқару мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы ынтымақтастықты дамытуда бірлескен іс-қимылдар жасауға бағытталған мәселелерді қарастырдық», - деді Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Сонымен бірге, бұл жиында ШЫҰ елдерінің қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауапты министрліктері мен ведомстволары басшыларының 5-отырысының хаттамасына қол қойылды.

Делегация басшылары 2024 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Экология жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын одан әрі ілгерілетудің маңыздылығы мен қажеттігін атап өтті.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және 3-4 шілдеде Астанада өтетін ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінде жарияланатын қалдықтарды тиімді басқару туралы мәлімдемесі мақұлданды және оған қол қою ұсынылды.

«ШЫҰ-ға мүше елдердің жасанды орман құрудағы, тозған аумақтарды ормандандырудағы орасан зор тәжірибесін ескере отырып, біз бүгін Аралдың құрғаған табанын және шөлейт аймақтарды ормандандыру жөніндегі халықаралық орталық құруды ұсындық. Бұл мәселеде бізді Орталық Азия елдерінен келген әріптестеріміз қолдады. Болашақта осы идеямызды алға жылжытамыз деп ойлаймын», - деді Е. Нысанбаев.

Арал мәселесі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ШЫҰ-ға мүше елдердің экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі бірлескен тәсілдері, ШЫҰ 2024-2026 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.

Сондай-ақ, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығының 2025-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жоспары бекітілді.

Соңғы жаңалықтар