ШЫҰ аясында Үндістан және Қытаймен білім алмасу маңызды – Олжас Бейсенбаев

Олжас Бейсенбаев
Фото: Есімжан Нақтыбай

АСТАНА. KAZINFORM – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы құрылған 2001 жылдан бері оған мүше елдердің жиынтық жалпы ішкі өнімі 13 есе өскен. Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, қытайтанушы Олжас Бейсенбаев осылай деді.

Сарапшы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер цифрлық трансформация мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажет деп есептейді.

«Биыл маусым айында ШЫҰ қалаларды жоспарлау, жобалау, салу және басқару тәсілін өзгертетін Қалалық ақпаратты модельдеу альянсын (CIM) құрды. Онда Қытайдың 11 институты, соның ішінде Қытайдың құрылысты зерттеу академиясы мен Цинхуа университеті бірлесіп ШЫҰ мүшелеріне CIM технологиясын ұсынып отыр. Ұйым шеңберінде Smart қаланы дамыту туралы біраздан бері айтылып келеді. 2024 жылы мамырда ШЫҰ мүшелері арасында қаладағы өнеркәсіпті цифрландыру бағытындағы жаңа бір альянс құрылды. Альянстың бастапқы 83 мүшесіне China Mobile, Huawei сияқты деректер орталығы, Haier Cosmoplat сияқты заттар интернеті (IoT) қызметін көрсететін компаниялар кіріп отыр. Біздің тараптан ШЫҰ елдеріне спутник құрудан бастап, цифрлық платформаларды іске асыруға дейінгі бірлескен жобалар ұсынылып келеді. ШЫҰ елдері негізінде спутниктік топтар, ғарыштық суреттер төтенше жағдайларға, табиғи ресурстарға, антропогендік әсерге және басқа аспектілерге жедел ғарыш мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді», - дейді шығыстанушы.

Олжас Бейсенбаевтың пайымдауынша, ШЫҰ елдерінде цифрлық экономика сатылы түрде дамып келеді.

«2021 жылы ШЫҰ мүшелерінің жиынтық ЖІӨ шамамен 23,3 трлн долларға жетті, бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 25 пайызын құрайды, бұл 2001 жылы құрылғаннан 13 есе көп. ШЫҰ мүшелерінің жалпы сыртқы саудасы 2021 жылғы жағдай бойынша 6,6 трлн долларды құрады, бұл 20 жыл бұрынғыдан 100 есе көп», - деді ол.

Сарапшы ШЫҰ-ға мүше елдер ақпараттық қауіпсіздік саласында бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, бір-бірін осы тұрғыда өзара қолдау бағытындағы уағдаластықтар орнату керек деп есептейді.

«Қазір кей сараптамаларда цифрлық егемендік туралы айтылып жүр. Былтыр киберқылмыстың кесірінен бүкіл әлем бойынша шамамен 3,5 миллиард доллар шығын келген екен. Біз кибер кеңістігімізді, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ойлануымыз керек. Бұл ШЫҰ елдері үшін киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан да маңызды етеді», - деді ғалым.

«ШЫҰ аясында дамытуды қажет ететін саланың бірі – білім және ғылым. Қазақстанда бірнеше қытайлық университеттің филиалдары ашылып, жатыр, мамандарды ғылыми тағылымдамаға жіберіп жатырмыз. Спутник технологиясы, робот технологиясы, суперкомпьютерлерді қолдану бағыттарында Қытайдың алда келе жатқан мемлекет екені даусыз. Үндістан да ІТ-технология бойынша көш бастап тұрған мемлекет. Сондықтан осы салаларда өзара білім бөлісуміз қажет. Мұның бәрі өз ішіміздегі цифрлық теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді. Сондықтан ШЫҰ аясында осы жолы бекітілетін уағдаластықтарды пысықтаған кезде тікелей халықтың, әсіресе шекаралық аймақтағы тұрғындардың тіршілігіне оң әсер ететіндей жолдарын қарастыруымыз керек», - деді шығыстанушы.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, қол алысты. Ел басшыларын қарсы алу рәсімі аяқталды.

Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары Беларусь Республикасын Ұйым мүшелегіне қабылдауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Бұл туралы саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Соңғы жаңалықтар
telegram