ШЫҰ елдері көлік-транзит және қаржы ынтымақтастығына қатысты құжаттарды пысықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Душанбеде өткен ШЫҰ ұлттық үйлестірушілерінің отырысында ұйымның 2026–2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, көлік-транзит және қаржы ынтымақтастығына қатысты құжаттар пысықталды. Қазақстан атынан елші Мұрат Мұқышев қатысты. Бұл туралы СІМ мәлім етті.
Отырыс барысында қатысушылар ШЫҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелердің кең ауқымын талқылады. 2026-2027 жылдары ШЫҰ аясында аса жоғары және жоғары деңгейлерде өткізілетін іс-шаралар кестесі бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.
Атап айтқанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары (премьер-министрлері) кеңесінің (ҮБК) алдағы отырысына (19-20 қазан, Душанбе қ.) дайындық мәселелері қаралды. Көлік-транзиттік өзара іс-қимыл, қаржылық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Ұйымның қызметін жетілдіру мәселелері бойынша қорытынды құжаттардың жобаларына ерекше назар аударылды.
Отырыс нәтижесінде ұлттық үйлестірушілер Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттер арасындағы көпсалалы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған тетіктерінің тиімділігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды жалғастыруға уағдаласты.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда айналымы 72,6 млрд долларға жетті.