ШЫҰ елдерінің бірлігін арттыруда БАҚ-тың рөлі зор – Шэнь Хайсюн

ШЫҰ елдерінің бірлігін арттыруда БАҚ-тың рөлі зор – Шэнь Хайсюн
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада ШЫҰ саммиті қарсаңында Қытай және ШЫҰ елдері БАҚ өкілдерінің дөңгелек үстелі өтті. Жиынға қатысқан медиа саланың өкілдері мемлекеттердің бірлігін арттыруда БАҚ-тың маңызы зор екенін атап өтті. 

Әуелі сөз алған Қытай медиа корпорациясының басшысы Шэнь Хайсюн қазақ-қытай достығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

«Екі елдің БАҚ өкілдерінің өзара пікір алмасып, тәжірибемен бөлісуі жарқын болашақты қалыптастыра түсетіні анық. Қазақ және қытай халықтарында бірлік туралы ортақ мақалдар көп. Бұл ретте, ақпарат кеңістігіндегі ынтымақтастықты арттыру арқылы қос елдің достығын баянды ету түсу мүмкіндігі мол. Жалпы, біз ШЫҰ елдерін біріктіру үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Ұйымға мүше елдердің БАҚ өкілдері әділ, объективті, позитивті және салауатты жаһандық қоғамдық пікір қалыптастыру үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек», - деді Шэнь Хайсюн.

ШЫҰ елдерінің бірлігін арттыруда БАҚ-тың рөлі зор – Шэнь Хайсюн
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов әлемде тұрақсыз геосаяси жағдай сақталған уақытта БАҚ-тың шынайы ақпарат таратуы маңызды екенін еске салды.

«Осы орайда, Қазақстан-Қытай БАҚ өкілдерінің бір-бірімен толымды ақпаратпен алмасуына бар жағдай жасалуға тиіс. Осылайша, екі елдің тұрғындары кез келген саладағы соңғы әрі сапалы, бастысы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Қай кезде болмасын БАҚ рөлі ерекше. Қос елдің арасындағы медиа әріптестік одан әрі жандана түсетініне сенім мол. Жалпы, ШЫҰ елдерінің ақпарат агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету өте маңызды», - деді Қанат Ысқақов.

Қанат Ысқақов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

ШЫҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Владимир Норов ШЫҰ елдері БАҚ өкілдерінің бірлескен белсенді жұмысы нәтижесінде Астанадағы саммит әлемдік көшбасшылардың назарын аудартқанын атап өтті.

Владимир Норов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«Жыл сайынғы халықаралық форумда ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары еуразиялық кеңістікте бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға бірлесіп күш салады. ШЫҰ Қазақстанның төрағалығымен жаһандық қауіпсіздік пен даму мәселелерін шешуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді», - деді ол.

Болат Нұрғалиев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

ШЫҰ-ның тағы бір бұрынғы Бас хатшысы Болат Нұрғалиев ШЫҰ елдерінің ақпарат агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бастамасы құптарлық іс екенін жеткізді.

«23 жыл қызмет етіп келе жатқан бұл ұйым өзін толығымен тиімді мемлекетаралық бірлестік ретінде көрсете білді. ШЫҰ өз мақсатын айқын орындап, саяси, экономикалық және гуманитарлық өлшемдердегі әртүрлі өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді», - деді Б. Нұрғалиев.

ШЫҰ елдерінің бірлігін арттыруда БАҚ-тың рөлі зор – Шэнь Хайсюн
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Қытай медиа корпорациясы мен ШЫҰ елдерінің БАҚ арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты тереңдету бастамасын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар
telegram