ШЫҰ елдерінің жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы туралы кітап жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM – Туындының тұсаукесер рәсіміне ШЫҰ-ға мүше елдердің жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Бүгін Astana IT университетінде «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті.

Жиын барысында «ШЫҰ-ға мүше елдердің жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Жинақта ұйымға қатысушы елдердің білім-ғылым, халықаралық ынтымақтастық саласындағы ортақ табыстары мен бірлесе атқарған жұмысы орыс, ағылшын, қытай тілінде баяндалған.

Айта кетейік, халықаралық симпозиум жұмысына және кітапты таныстыру рәсіміне ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Жібек жолы университеттері альянсының хатшылығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Сиань Цзяотун университетінің ректоры Чжан Лицюнь, Астана IT университетінің ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев және 20 жоғары оқу орнының ректорлары қатысты.

Аталған шара барысында Қытай Білім министрі Хуай Цзиньпэн ШЫҰ елдерінде білім саласын дамыту бойынша үш ұсыныс айтқан болатын.
